Биыл күзгі әскерге шақыру науқанында психологтар PSY-тәуекел әдісін белсенді қолданды. Нәтижесінде 700 азамат әскерге жарамсыз деп танылып, қосымша психиатриялық тексеруге жіберілді. Бұл туралы Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен жиында айтылды.

Отырыста психиатриялық көмек көрсету тәртібі, психологпен жұмыс, дәрігерлер мен командирлер арасындағы бірлескен іс-әрекет мәселелері талқыланды. Жиынға Әлеуметтік психотерапевтер қауымдастығының мамандары, «Авиценна» медициналық ақпараттық жүйесін әзірлеушілер, әскери психологтар мен Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері қатысты. «Басты міндет – Қарулы Күштер мамандарын суицид пен ойынға тәуелділік сынды қатерлердің алдын алуға үйрету», – дейді қауымдастық президенті Владимир Савкин. Мамандардың айтуынша, қызметтің алғашқы алты айы – әскерге жаңадан келгендер үшін ең күрделі кезең.

Арман Қалышев, ҚР ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті Психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыстар басқармасының бастығы:

- Бізде әскерге шақырылып, қызмет ету барысында психологиялық ауытқулары анықталатын тенденция күшейіп келеді. Соңғы бес жылда көптеген әскери қызметші психиатриялық эксперизаға, психиатриялық бөлімдерге жіберілді. Оның бәрі азаматтық өмірде комфортты жағдайда өмір сүреді. Әскери қызметке келгенде әскери қызметтің ауыртпашылығы, күн тәртібі, режим бар, соған үйрене алмай, өз мінез-құлқының бір жақтары ауытқи бастайды.