Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин TRAMITE GROUP негізін қалаушы, Қазақстан-Италия сауда-өнеркәсіп палатасының өкілетті өкілі Джанантонио Траметпен кездесті.

Талқыланған негізгі тақырып – итальяндық инвесторлардың екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуде ауыл шаруашылығы өнімін жеткізудің интеграцияланған жүйесін қалыптастыру жөніндегі бастамасы.

Жоба мақсаты – қазақстандық өндірушілердің Еуропа мен басқа аймақтардың нарығына шығуына мүмкіндік беретін сенімді логистикалық және инвестициялық платформа құру.

Джанантонио Трамет TRAMITE GROUP-ты жетекші еуропалық бөлшек сауда желісіндегі 30 жылдан аса тәжірибесі бар итальяндық азық-түлік нарығының көшбасшысы ретінде таныстырды. Компания "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) базасында тіркелетін Италия-Қазақстан сауда консорциумы мен инвестициялық қорын құруға бастамашы болуда. Жобаның бастапқы капиталы 500 млн еуро көлемінде.

Консорциумның болжамды жылдық айналымы 1 млрд еуроға жетеді. Қор меншігінің құрылымы италиялық венчурлік инвесторлар мен SIMEST (CDP Group еншілес құрылымы) үшін 51%, қазақстандық «Бәйтерек» холдингі үшін 49%.

Экспортта астық, ет, өсімдік майы, бұршақ дақылы, сүт өнімі, кептірілген жеміс, көкөніс пен жеміс пюресі бар. Сауда аймағы ЕО, Ресей, ТМД, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Парсы шығанағы мен АҚШ елдерін қамтиды.

TRAMITE GROUP кешенді ынтымақтастық тәсілін ұсынуда. Бұл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені инфрақұрылымына инвестиция құю, Parmafood, Inalpi, Sterilgarda, Zanetti сияқты жетекші еуропалық компаниялармен ұзақмерзімдік сатып алу келісімшарты, сондай-ақ жеткізу тізбегін бірлесіп басқару.

Джанантонио Траметтің айтуынша, италиялық азық-түлік индустриясының жеті ірі компаниясы бұл күнде Қазақстанда өз өндірісін орнатуға қызығушылық танытып отыр.

Түркістан облысындағы «AGRIQA Азия» ЖШС іске асыратын «Шардара экспорттық агроөнеркәсіптік кластері» жобасы қызу талқыланды. 2024-2028 жылдары жобаға 200 млн еуро салынады.

Оған 22 гектарлық жылыжай кешенін, жеміс-жидек комбинатын, жоңышқа түйіршіктеу зауытын, қызанақ зауытын салу және тамшылатып суарылатын 8000 гектар жерді игере отырып, агродивизионды дамыту кіреді.

Вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру басты назарда екенін атап өтті.

– Ел Үкіметі инвестициялық жобаларды табысты іске асыруға ықпал ететін оңтайлы жағдай жасауға бар күшін салуда. Біз агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған Қазақстан-Италия инвестициялық қорын құру бастамасын қолдауға толық дайынбыз. Бұл жоба экспорттық әлеуетті арттыру мен экономикалық байланысты нығайтуда айтарлықтай ынталандыру болмақ. Біздің ынтымақтастығымыз өзара тиімділік пен стратегиялық сенімге негізделген жемісті халықаралық әріптестіктің жарқын үлгісі болатынына сенімдімін, – деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьер ҚР Сауда және интеграция министрлігіне өзара іс-қимылды арттыру үшін бірлескен жобаларды одан әрі талқылап, іске асыруда қазақстандық және итальяндық өндірушілерді біріктіретін сауда-экономикалық миссияны жедел ұйымдастыруды тапсырды.