Бүгін-ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкек қаласына барады. Онда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысады.

Сөйтіп, Бішкекте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер өкілдері бас қосады. Сыртқы істер және Қорғаныс министрлері кеңесі, Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы да өтеді. Кездесуде бірлескен жұмыстың өзекті мәселелері, соның ішінде есірткінің заңсыз айналымы және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланады. Сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясын өткізу көзделген. Сессияда мүше мемлекеттердің қауіпсіздік жөніндегі бірлескен ұстанымдары көрсетілген Декларация қабылданады. Және алдағы үш жыл бойы ұйымға жетекшілік ететін Бас хатшының кандидатурасы қаралады. Ұйым Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттан бастау алады. Шартқа 1992 жылы Ташкент қаласында қол қойылды. Ал 2002 жылы шартқа халықаралық өңірлік ұйым мәртебесін беру жөнінде шешім қабылданды. Қазір ұйым құрамында Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусь және Армения бар.