Кеше Ташкентте Орталық Азия елдерінің Президенттері қатысқан VII Консультативтік кездесу өтті. Жиынға Өзбекстан, Қазақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан басшылары және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қатысып, сөз сөйледі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейнеүндеу жолдады.

Тоқаев көтерген негізгі мәселелер легі мынадай болды:

1. Сирек металдар саласындағы ынтымақтастық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың барланбаған, бірақ мол сирек металл ресурстарына назар аударып, бұл бағытта күш біріктіруді ұсынды. Астанада Сирек металдарды зерттеу жөніндегі өңірлік орталық құру бастамасы осы мақсатқа арналған.

2. Жасанды интеллект саласындағы серіктестік

Тоқаев жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктерін атап өтіп, Орталық Азияда ЖИ-ді жауапкершілікпен қолданудың бірыңғай стандарттарын әзірлеуді ұсынды. Ол аймақ елдерінің арасында мәлімет алмасуды қауіпсіз және ашық ету үшін ЖИ жөніндегі ортақ декларация дайындауды қажет деп санады.

3. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту

Президент мәдени мұраны сақтау, ұлттық қолөнерді дамыту, ортақ іс-шаралар өткізу бағытындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Сонымен қатар:

  • Туризм саласын бірігіп дамыту,
  • Ортақ туристік бағдарлар құру,
  • Орталық Азияның бірыңғай туристік брендін қалыптастыру сияқты ұсыныстар айтты.

Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығының жұмысын жоғары бағалап, оны ортақ ғылыми алаңға айналдыру бастамасын қолдады.

Саммит қорытындысында қабылданған құжаттар де белгілі болды. Президенттер қол қойған негізгі шешімдер:

1. VII Консультативтік кездесудің бірлескен мәлімдемесі.

2. 2027–2028 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қырғызстан кандидатурасын қолдау туралы үндеу.

3. Әзербайжанды консультативтік кездесудің толық құқылы қатысушысы ретінде тану.

Бірлескен мәлімдемеге енгізілген құжаттар:

1. Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты даму тұжырымдамасы.

2. 2026–2028 жылдарға арналған өңірдегі қауіпсіздік тәуекелдері мен алдын алу шараларының тізбесі.

Қорытындыласақ,Ташкенттегі саммит Орталық Азия елдерінің саяси, экономикалық, технологиялық және мәдени байланыстарын дамытуға бағытталды. Сирек металдар, жасанды интеллект, туризм және мәдени мұраны сақтау ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде айқындалды. Саммит аймақтық интеграцияны нығайтуға және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жаңа құжаттармен бекітілді.