Қазіргі таңда қорда 100-ден астам сирек кітап пен қолжазба сақтаулы.
Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтынан Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры ашылды, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі көптеген мешіттерде сақталған қолжазбалар мен сирек кітаптар қорының мол екенін атап өтіп, оларды бір орталыққа шоғырландыру, цифрландыру, ғылыми айналымға ендіру арқылы болашақ ұрпаққа жеткізудің маңызды екеніне тоқталды.
Институт директоры, филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр орталық жұмысы туралы кеңірек баяндап, қазіргі таңда қорда 100-ден астам сирек кітап пен қолжазбаның сақтаулы екенін мәлімдеді. Олардың ішінде Ахмет Иасауидің "Диуани хикмет", Алтын Орда тұсында өмір сүрген Рабғұзидың "Қисас әл-әнбия" секілді құнды жазба жәдігерлермен бірге ислам ілімдеріне қатысты өзге де құнды еңбектердің бар екендігін атап өтті.
Сондай-ақ алдағы уақытта бұл қордағы материалдарды толық цифрландырып, интернеттегі ортақ базада қолжетімді ету, каталогтау және ғылыми сипаттамасын жасау жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл – еліміздегі исламтану және қолжазбатану ғылымына қосылған сүбелі үлес болмақ.
Қазіргі таңда ел бойынша ҚМДБ-ға қарасты мешіттерде көптеген қолжазба мен сирек кітап бар екені анықталған. Болашақта олардың барлығын орталықтандыру, қалпына келтіру және ғылыми айналымға қосу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілу жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз:
ҚМДБ 2026 жылғы діни күндер кестесін бекітті. Ораза 19 ақпаннан басталады
ҚМДБ дінтанушының әйелді қамшымен ұру туралы видеосына қатысты мәлімдеме жасады