Брюссельде Қазақстан қауымдастығын құру идеясы талқыланды. Бельгиядағы елші Роман Василенко осы ел мен Люксембургте тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті. Басқосуға кәсіпкерлер, халықаралық ұйымдар мамандары, мәдениет қайраткерлері және басқа да сала өкілдері қатысты.

Жиында отандастарымызды заңдық қолдау, қазақ тілін үйрету курстарын ашу, сондай-ақ қауымдастық пен елшілік арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері сөз болды. Елші диаспораның мәдени әрі қоғамдық өмірге тартылуының маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың дамуы туралы да ақпарат берді. Кездесу соңында диаспора өкілдері отандық композиторлардың музыкалық шығармаларын орындап, туған жерге деген сағынышын басты.

Аружан Болатбаева, Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілі :

- Брюссельде қазақша сөйлесу клубын аштым және қазақша кітап клубын аштым. Адамдар келеді. Қазақша сөйлеуге келеді. Енді болашақта елшілікте қазақ тілі мектебін және домбыра үйрену сабақтарын ашқымыз келеді.

Анна Сусарова, Қазақстан Республикасының Валлон Брабант провинциясындағы құрметті консулы:

- Менің тарапымнан көтерілген тақырып — құқықтық мәселелер. Яғни осында тұрып жатқан отандастарға осы тұрғыдан көмек көрсету. Өз тәжірибемнен білемін бөгде елде жүргенде оңай бола бермейді.