Қазақстанда байланыс қызметін көрсету қағидалары бекітілді. Тиісті бұйрыққа жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы қол қойған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жаңа қағидаларға сәйкес ұялы байланыс операторлары алаяқтықтан қорғау жүйелерін (антифрод жүйелер) қолдануға міндетті. Олар Ұлттық банктің антифрод орталығымен бірлесіп, деректер алмасады. Егер оператор күмәнді қоңыраулар немесе SMS-ті анықтаса, нөмір иесі туралы мәліметті (Т.А.Ә., ЖСН, телефон нөмірі) антифрод орталығына жібереді.

Антифрод-жүйе — алаяқтықты анықтауға және алдын алуға арналған автоматтандырылған жүйе.

Егер абоненттерден немесе антифрод орталығынан шағымдар түссе, оператор екі жұмыс күні ішінде нөмірді тексеруге міндетті. Нөмір алаяқтық мақсатта пайдаланылғаны расталса, оператор оны уақытша бұғаттап, бұл туралы антифрод орталығына хабарлайды. Ал егер алаяқтық дерегі расталмаса, оператор екі күн ішінде бұл туралы Ұлттық банкке хабарлауға тиіс.

Жаңа қағидалар алғаш ресми жарияланған күннен кейін 10 күн өткен соң, яғни 18 қарашада күшіне енеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget