Елімізде мектеп бағдарламасына жүзу сабағы енгізіледі. Пилоттық жоба келер жылы Астана мен Алматыда жүзеге аспақ.

Бұл туралы бүгін үкімет отырысында «Qazaq Aquatics» Федерациясының бас хатшысы Дмитрий Баландин мәлімдеді. Қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе білім ошақтарында жүзу сабағын ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Алдымен жоба қос қалада сынақтан өткізіледі. Кейіннен өзге де өңірлерге кезең-кезеңімен енгізіледі деп жоспарланып отыр. Мұнда АҚШ, Австралия және Венгрия сияқты елдердің үлгісі негізге алынып отыр. Айта кетсек, бүгінгі таңда елімізде 360-тан астам бассейн бар, оның 35-і олимпиадалық стандарттағы 50 метрлік бассейндер. Су спортымен елімізде 135 мыңнан астам адам айналысады. Олармен 900-ден астам білікті жаттықтырушылар жұмыс істейді.