Былтырдан бері азаматтарды жұмыспен қамтуда ілгерілеу бар. Мұны мамандар ілкімді жобалармен байланыстырып отыр. Өткен жылы қызметпен қамтылғандар 110 мың адамға өсіп, ал жұмыссыздар 2 мың адамға қысқарған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше биыл 600 мыңнан аса тұрғын жұмысқа орналасқан. Сонымен субсидияланатын жұмысқа 154 мыңға жуық адам тартылған.

Әлеуметтік бағытта 12 мың, жастар практикасына 21 мың және қоғамдық жұмыспен 100 мыңдай адам қамтылған. Сондай-ақ кәсіптік оқытуға жұмыс берушілердің өтінішімен 8 мыңнан аса азамат жіберілді. Соның 2 жарым мыңы оқуды аяқтап, мың адам жұмысқа тұрды. Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға бизнес-бастамаларды ынталандыру үшін 1 жарым млн теңге көлемінде 9 мың грант беру көзделген.

Ауыл шаруашылығындағы білікті мамандардың жалақысы

Білікті мамандардың жалақысы жоғары. Жүргізілген арнайы зерттеулер олардың табысы елдегі орташа деңгейден көп екенін көрсетті. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласындағы жобалаушы инженерлердің айлығы 2 млн 700 мың теңгеге дейін жетеді.

Ал электр машиналары мен аппараттарының инженер-конструкторлары 800 мың теңгеден кем таппайды. Жалпы бейіндегі техник-технологтар 757 мың теңге, ал бас ветеринариялық дәрігерлер 730 мың теңге дейін табыс табады.

Орталық Азиядағы орташа жалақы

Орталық Азия мемлекеттері арасында біздің елде еңбекақы жоғары. Сандарды сөйлетсек. Қазақстанда орташа жалақы 450 мың теңгеге жуықтайды. Бұл сома Өзбекстанға қарағанда шамамен 70%-ға артық. Ал Қырғызстаннан 73%-ға көп. «Тәжікстанмен салыстырсақ 2,5 есеге жоғары», — дейді сала сарапшылар.