Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде флот тапшылығы байқалады.
Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан мен Әзербайжан құны 62 млн доллар болатын келісімге келді. Осылайша еліміз 2 кеме сатып алып, Орта дәлізді нығайтпақ жоспарда. Бұл жайында бүгін елімізге мемлекеттік сапармен келген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүргізген келіссөзі барысында мәлім болды. Кездесу барысында тараптар энергетика, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жайын да талқылады.
Риат Шони, тілші:
- Астана бүгін тағы бір тарихи сәттің куәсі. Елімізге мемлекеттік сапармен Әзербайжан Президенті келді. Ильхам Әлиевтің бұл сапары жай ғана ресми кездесу емес, бауырлас екі елдің берік достығы мен стратегиялық ынтымақтастығының жаңа парағы. Биыл Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге 20 жыл толып отыр. Осы аралықта қос мемлекет ортақ мүдде мен өзара құрметтің үлгісін қалыптастырды. Сенімге негізделген серіктестік бүгінде нақты жобалармен бекіген. Бұл жолғы сапардың да мақсаты айқын: ынтымақтастықты тереңдету, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу.
Бұл қос ел басшысының 1 айда үшінші мәрте кездесуі. Президенттер жиі шүйіркелескенімен күн тәртібіндегі мәселелер бұрынғыдан да салмақты. Аймақтық қауіпсіздік пен энергетикалық ынтымақтастық алдыңғы қатарда тұр.
Қазір Қазақстан мен Әзербайжан Еуропаны мұнаймен қамтып отырған маңызды елдердің қатарында. Біз қара алтынды Каспий асырып, Баку-Тбилиси-Джейхан құбырын сәтті пайдаланып отырмыз. Биыл 8 ай ішінде бұл бағыт бойынша 1 млн тоннаға жуық мұнай экспортталған.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Қазіргі таңда біздің жоспарымыз 2,2 млн тонна. Бірақ енді физически айтқанда бізде қосымша мүмкіндіктер болады.
Осы және өзге де мәселелерді тараптар ең әуелі өзара талқылап алды. Ильхам Әлиевтің бұл сапарын Президент стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға деп бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан мен Әзербайжан тек достас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сондықтан Сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз. Қазіргі кезде Әзербайжан Сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен халықаралық аренадағы абырой-беделін елеулі түрде арттырды, өз өңірінде ықпалды мемлекет ретінде өте маңызды роль атқарады.
Шығыс пен батысты жалғаған қос ел жаңадан жанданған жібек жолының бойында орналасқан. Бұл бағыт бүгінде транзиттік және логистикалық ынтымақтастықтың негізгі артериясына айналып отыр. Сондықтан да Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамытуға мүдделі.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке осы Орта дәлізді дамыту жобасы таныстырылды. Президент кеңесшісі Әсел Жанасованың сөзінше, Қытайдан Әзербайжанға тасымал көлемі артып келеді.
Әсел Жанасова, ҚР Президентінің кеңесшісі:
- 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан аумағы арқылы 4,5 млн, Әзербайжан арқылы 7,2 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл рекордтық көрсеткіш. Бастысы жүк жеткізу уақыты айтарлықтай қысқарды. Қазір Қытай шекарасынан Грузия порттарына дейін 15-18 күнде жеткізіледі. Жалпы біздің болжамымыз бойынша 2030 жылға қарай жүк айналымы 3 есе артуы мүмкін. Яғни 20 млн тоннаға дейін жетеді.
Бұл бағытта проблема жоқ емес. Биыл тамыз айында жүргізілген аудит нәтижесінде Каспий теңізінде флот дефициті байқалды. Енді Орта дәлізді одан әрі дамыту үшін Қазақстан мен Әзербайжан құны 62 млн доллар болатын келісім жасасқан. Бұл құжатқа сәйкес еліміз 2 паром сатып алып, Транскаспий бағыты арқылы жүк тасымалын арттырмақ.
Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы:
- «ҚазМұнайГаз»-дың еншілес компаниясы Baku Shipyard-тан 2 кеме сатып алды. Енді 2027 жылдың аяғына дейін бұл кемелерді біз іске қосатын боламыз. Одан басқа-басқа кемелерді сатып алу мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз.
Жалпы бауырлас елдер көлік логистика саласында ғана емес, сауда-экономика бағытында да жақсы нәтижелерге жеткен. Арадағы алыс беріс еселеп артып келеді. Мәселен, биыл 8 ай ішіндегі сауда-саттық 547,6 миллион долларға жеткен. Қазақстан негізінен Әзербайжанға түсті металдар, мұнай өнімдері мен астық экспорттайды. Ал Каспий асырып құбырлар, алюминий шыбықтары, ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін импорттап отыр.
Екі ел арасындағы тауар айналымы
2025 Ж. 8 АЙ — $547,6 млн
жылдық өсім – 3 есе
Қазақстан экспорты
бидай — $121,5 млн
мұнай және мұнай өнімдері — $38,2 млн
түсті металдар
астық өнімдері
Әзербайжан импорты
құбырлар мен алюминий шыбықтары
ауыл шаруашылығы өнімдері
тамақ өнімдері
Бауырлас елдердің тілі де, жаһандық аренадағы үні де ортақ. Қос мемлекет әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдап, халықаралық деңгейде өзара үйлесімді саясат жүргізіп келеді. Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев даулы мәселелерді шешудегі Ильхам Әлиевтің елеулі үлесін ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы декларацияның тарихи маңызы зор екенін арнайы атап өткім келеді. Сіз саяси ерік-жігер мен стратегиялық көрегенділік танытып, күрделі түйткілдерді шешудің және келешек ұрпақ тағдыры үшін жауапкершілік арқалаудың парасатты жолын нұсқадыңыз. Екі ел арасында қол жеткізілген уағдаластық жаңа кезеңнің бастауы ретінде бүкіл аймақтағы және өңірден тысқары ынтымақтастық көкжиегін кеңейткеніне еш күмән жоқ.
Ильхам Әлиев, Әзербайжан президенті:
- Қарабақ аймағын қалпына келтіруде көрсетіп отырған қолдауыңыз үшін алғысымды айтқым келеді. Физули қаласында ашылған Құрманғазы орталығында қазір 100-ге жуық бала білім алып жатыр. Осындай заманауи білім орталығын сыйға тартқаны үшін қазақ халқына ерекше ризашылығымды білдіремін. Бұл да қазақ-әзербайжан достығының ерекше белгісі.
Бауырлас екі ел басшыларының бүгінгі кездесуі стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Себебі келіссөз қорытындысы бойынша тараптар 15 маңызды құжатқа қол қойды. Олар негізінен энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, жасанды интеллект сынды бағыттарды қамтиды.
Риат Шони, Ержан Қанапияұлы