Әлемдік беделді Times Higher Education World University Rankings (WUR) рейтингінің 2026 жылғы жаңартылған нұсқасына сәйкес, биыл бес қазақстандық университет тізімге еніп отыр. Тарихта алғаш рет Қазақстан әлемдегі ең үздік 500 зерттеу университеті қатарына таңдалып алынды. Рейтинг бойынша өңірде Nazarbayev University көш бастап тұр.
Үздіктер кімдер?
2026 жылғы рейтингке әлемнің 115 елінен 2100-ден астам университет қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 99 жоғары оқу орнына көп. Рейтингтің басында дәстүрлі түрде – Oxford, MIT және Princeton. Алайда Қытай, Жапония, Сингапур және Оңтүстік Корея сынды Азия елдері университеттерінің жетістіктері ерекше назар аудартады. Бұл елдер ғылым мен білімге жүйелі түрде инвестиция құяды – мәселен, Қытай ЖІӨ-сінің 3-4%-ын ($17 трлн) құрайды, бұл, өз кезегінде, ғылыми прогреске қуатты негіз береді.
Шетелдік университеттермен салыстырғанда…
Nazarbayev University әлемдегі үздік 401-500 университеттің қатарына еніп, бар болғаны бір жыл ішінде рейтингтегі орнын 100 позицияға жоғарылатты. Айта кетерлігі, қазақстандық университет биыл Colorado School of Mines, George Mason University, Iowa State University және University of Texas at Dallas сияқты тарихы терең америкалық жоғары оқу орындарымен бір деңгейге шықты. Тіпті, соңғысын басып озды.
Зерттеу сапасы(76,8), яғни рейтингтегі басты индикаторлардың бірі бойынша, NU атақты Colorado School of Mines университетінен (63,7) жоғары нәтиже көрсетті. Бұл – қазақстандық оқытушылар мен ғалымдардың әлемдік ғылымға қосқан үлесі артқанының және 2024 жылдың басында келген университеттің жаңа басшылығының тиімді жұмысының дәлелі.
Орталық Азия елдерінен рейтингке Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан университеттері енді. "Көршілеріміздің" де қарқыны жақсы. Мәселен, Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты NU-дан кейін тұр, ал Әзербайжан мемлекеттік экономика университеті 801+ деңгейінде орналасқан. Одан кейін Ташкент мемлекеттік техникалық университеті тұр. Бұл Орталық Азия елдерінің жаһандық рейтингтерге қатысудың маңызын түсініп, білім мен ғылымға белсенді түрде инвестиция салып жатқанын көрсетеді.
NU-дың беделді халықаралық рейтингте өсуі – тек бір университеттің жетістігі емес, бүкіл Қазақстанның жоғары білім жүйесінің әлеуетін айғақтайтын көрсеткіш. Бұл жетістікті сақтау және дамыту үшін білім беру жүйесін, әсіресе ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды жалғастыру аса маңызды. Тек осылайша біз Орталық Азиядағы көшбасшылықты нығайтып қана қоймай, әлемдік аренада АҚШ пен дамыған елдердің жетекші университеттерімен теңесуге мүмкіндік аламыз.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз