Қызылорда облысындағы Жиделіарық пен Еңбекші ауылының тұрғындары көп жылдан бері жол қиындығын көріп келеді.

Жақын жердегі Қаратаудан қиыршық тас тасыған ауыр көліктер жолды ауыл арасындағы жолды жарамсыз күйге түсірген. Бұдан бөлек уран өндіруші компаниялар да күкірт қышқылын тасымалдау үшін осы бағытты пайдаланады. Осы мәселемен тұрғындар біздің редакциямызға хабарласты.

Еңбекші мен Жиделіарық ауылына кіреберіс жолдың жағдайы ауылдықтардың жанына батып отыр. Осы маңдағы жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың алып көліктері ауыл аспанын күні-түні көк шаңға бөгеді екен.

Ерболат Сүлейменов, Жиделіарық ауылының тұрғыны:

- Қазіргі таңда жүріп өтуге өте қолайсыз. Үлкен техникалар жүріп тастаған, жолды жөндеуге келмейді. Әр апта сайын бір көліктің астындағы май тұратын картерін тесіп тастайды.

Жасұлан Күзембаев, Жиделіарық ауылының тұрғыны:

- Жүк машиналарынан тас түсіп, терезелері сынып жатқан көліктер де бар. Жүк көліктері тауар тиеп алады. Сосын шашырайды, балонына тигесін, терезеге де тиеді. Жаңа көліктердің сыртына тиеді. Оның бәрін ақшаға істетесің.

Бұл жолмен күн сайын ондаған жүк көлігі қатынайды. Олар негізінен Қаратаудың қиыршық тасы мен уран өндіруші компаниялардың күкірт қышқылын тасымалдайды. Алайда тұрғындардың айтуынша, жолдың техникалық жағдайы ауыр салмаққа арналмаған. Сондықтан тез тозып, шұрық-тесік болады.

Серік Ділдабай, Еңбекші ауылының тұрғыны:

- Жолға белгіленген көліктер болса, құрымас еді. 20-30 тоннаға жүріп өткенге жол құрымайды ғой. 70-100 тонналық көліктер құртып жатыр. Бізге бір салып берсе, 15 жылға жарайды.

«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізі мен Еңбекші ауылының арасын жалғайтын жолдың ұзындығы 4 жарым шақырым. Соңғы 10 жыл көлемінде бұл жол уран өндіруші компанияның теңгерімінде болған. Осы уақыттан бері бұзылған жері жамап-жасқалғанмен, күрделі жөндеу көрмеген.

Болатбек Ысмағұлов, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір бұны 25 жылға цемент зауытының теңгеріміне беріп жатырмыз. Олармен келісімшартқа жасалды. Биыл жылдың соңына дейін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, келесі жылдың басынан бастап қаржыларын салып, өздерінің есебінен күрделі жөндеу жүргізетін болады.

Аудан әкімдігінің мәліметі бойынша, келесі жылы құрылысы басталатын жолдың сапасы тиісті талапқа сай болады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев