Атырау облысында World Clean Up Day дүниежүзілік тазалық күніне орай кең ауқымды экологиялық сенбілік өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Акцияға аймақтың атқарушы органдары, кәсіпорындар, еріктілер, жастар ұйымдары, экобелсенділер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылып, аудан және ауылдық округтерді қоса алғанда барлығы 10 мыңнан аса адам қатысты.
Тазалық жұмыстары"Самал" ықшамауданынан "Сарыөзекке" дейінгі аумақты және "Атырау" ықшамауданы жанындағы айналма көпір маңын қамтыды. Сондай-ақ әр аудан экоакцияға қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 150 тоннадай қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды.

World Clean Up Day — жыл сайын бүкіл әлем бойынша 180-нен астам елде өтетін халықаралық экологиялық қозғалыс. Акцияға 18 миллионнан астам ерікті қатысып, табиғи аумақтарды қоқыстан тазартады. Елде дәстүрлі сенбілік қыркүйек айының үшінші сенбісінде ұйымдастырылады.

Іс-шараны Атырау облысы әкімдігі мен Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз