АҚШ еврейлері Астанадағы VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінен зор үміт күтіп отыр. Аумалы-төкпелі заманда бейбіт өмір сүрудің формуласын іздейтін халықаралық алаң құндылықтары күн сайын өзекті болып жатыр — дейді Вашингтондағы Еуразия еврейлерін қолдаушы ұлттық одақтың бас директоры Марк Левин.
2000-шы жылдардан бері барлық съезге қатысқан қайраткер осы жолы елордаға америкалық еврейлер делегациясын бастап келді. Левин Қазақстанның сан жылдар бойы түрлі өркениеттер тоғысында қолға алған бастамаларының ерекшелігін тілге тиек етті. «Биылғы жиынның түйіні келелі мәселелерге шешім болады», — дейді Левин.
Марк Левин, Еуразия еврейлерін қолдаушы ұлттық одақтың бас директоры:
- Әлемде дәл осылай түрлі дінбасыларының бір орында жиналатын жері кемде-кем. Онда олар жер жаһанда болып жатқан түрлі мәселелерге шешім іздеп қана қоймай, қайткенде өзара түсіністікте бейбіт өмір сүруге болатынын қаузайды. Биыл да үмітіміз зор. Жиын соңында аса өзекті болған діни плюрализм мен толеранттылық хақында ортақ мәмілеге келеміз деген сенім бар. Себебі тек осы съезде шынайы диалог құрылып, сенім мен құрметке негізделген байланыс орнай алады.