Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында суретші Светлана Какоткинаның «Бір ғажап күн» атты шығармашылық көрмесі ашылып, автордың «Күз», «Қыс», «Көктем», «Жаз» атты топтамаларынан тұратын 80 туындысы көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмеге қойылған жұмыстар Алматы мен асқақ Алатау баурайының тұмса табиға­тын көз алдыңызға әкеледі. Олардың дені саябақтағы серуендерден туын­даған әсерлер негізінде дүниеге келген. Күн сәулесі, жапырақ сыбдыры мен табиғаттың таңғажайып бояулары­нан шабыт алған суретші бұл көрмені жай ғана картиналар топтамасы емес, өз сезімдерінің күнделігіне айналдырған. Әрбір кенеп – белгілі бір сәттің көрі­нісі іспетті. Өзен үстін жапқан таңғы тұ­ман, батып бара жатқан күннен төгілген ­алтын шапақ, шөп арасындағы көлең­ке­нің ойыны тынымсыз плэнерлер­дің жемісі.

«Суретшінің «импрессионизм» бағытына деген құштарлығы айқын көрінеді. Табиғаттан алған шабыты арқылы ол туындыларында ер­кіндікке ұмтылады. Бұл көрме – суретшінің шеберханасында, шығар­машылық сапарлар аясында жасаған үздіксіз еңбегінің нәтижесі. Ол пленэрлерді ерекше жақсы көреді. Қоршаған ортаның ешқандай байлыққа сатып ала алмайтын көркем сұлулығы авторды терең толғанысқа жетелеп, табиғатпен үндескен әсерлі туын­ды­ларға шабыттандырған. Сезімтал жанды жазғы таулардағы серуендер, қала көшелері мен қысқы бейнелер ешқашан бейжай қалдырмайды. Осы әсерлер оның туындыларында жаңғырып, тіпті гүлдердің нәзік сұлу­лығын бейнелейтін натюрморттарда да айқын сезіледі», дейді өнертанушы Айсұлу Үсентаева.

сурет

Талғамы биік көрерменді серуен сиқырына бойлатып, күннің жылуын сезінуге, гүл жайнаған даланың хош иісіне елітіп, табиғат әуенін тыңдауға шақырған Светлана Какоткина Алматы қаласында дүниеге келген. Білімі бо­йынша – дизайнер, сәулетші. Бастапқы көркемдік білімін «Классикалық өнер гимназиясында» алған. 2002 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академия­сын «Дизайн» мамандығы бойынша тәмамдаған. Студенттік жылдарынан бастап түрлі байқаулар мен көрмелерге қатысып, шығармашылық ізденісте келе жатқан шебер адам рухына керек барлық игілік табиғатта жатқанын айтады.

«Суретшінің қаламгерлерден айыр­машылығы салған суретін өзге тілдерге аударып әуреленбейді. Себебі өнердің тілі тұтас адамзатқа ортақ. Оны әркім өз өресінде түсінеді. Табиғат – тұ­нып тұрған сурет. Сол суретті сезініп, көңі­ліңе көшіріп алу бөлек те, кенепке түсі­ру мүлде бөлек. Бояу гармониясын сезін­­бесең бәрі бекер», дейді көрме авторы.

АЛМАТЫ