АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропалық одаққа шүйлікті, деп хабарлайды 24kz.

Даудың басы – ұйымға мүше мемлекеттердің ресейлік мұнайды сатып алуында. Мұны немістің Bild басылымы жазды. Парижде өткен кездесуден соң Украинаны қолдайтын «Ниеттілер коалициясына» кіретін ел басшылары президент Трамппен телефон арқылы сөйлесті. Алайда тараптар арасындағы әңгіме қызу пікірталасқа ұласқан.

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен: «Ресейдің қара алтынын Словакия мен Венгрия ғана импорттайды», — деп айтқан. Алайда, Америка басшысы ұйымға мүше елдер ресейлік мұнайдан толықтай бас тартуы қажет деп санайды. Еуроодақ Вашингтонды Мәскеуге қарсы санкция салу жөнінде ортақ жұмыс тобын құруға шақырды. Бірақ Ақ үй басшысы әзірге пікір білдірген жоқ.