Мәжіліс Қазақстан мен Армения үкіметтері арасында 2024 жылғы 15 сәуірде Ереванда қол қойылған көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Құжат екі елдің құзырлы органдары арасындағы өзара іс-қимылды реттеп, көші-қон саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан атынан құзырлы органдар ретінде Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекітілсе, Армения жағынан Полиция және Ішкі істер министрлігінің Көші-қон және азаматтық қызметі жауапты болады.

Келісімге сәйкес тараптар статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік деректермен, сондай-ақ өз аумақтарында жүрген өзара мемлекеттердің азаматтарына қатысты мәліметтермен алмасады. Сонымен бірге азаматтардың мәртебесіне байланысты құқықтық мәселелерді бірлесіп қарастырып, ынтымақтастық барысында туындайтын мәселелерді шешуде қолдау көрсетеді.

Бұл шара қос азаматтықтың алдын алуға, заңсыз көші-қон арналарына тосқауыл қоюға және көші-қон процестерін тиімді басқаруға ықпал етеді.