Астанада көпбалалы ана мен тұрғын үй инспекциясы басқармасы арасындағы сот дауы аяқталды . Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық алқа оны тұрғын үй алу кезегінен шығару заңсыз деп таныды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.

Істің мән-жайы

Жеті баласын тәрбиелеп отырған, "Алтын алқа" төсбелгісімен марапатталған әйел 2009 жылдан бері баспана кезегінде тұрған. Ол көпбалалы ана және мемлекеттік қызметші ретінде пәтер алуға құқылы болатын. Алайда тұрғын үй инспекциясы оны кезектен алып тастаған. Себеп ретінде күйеуі мен туысының атына тіркелген бұрынғы жылжымайтын мүлік көрсетілген. Даулы сәтте ол мүлік әлдеқашан сатылған еді.

Сот шешімдері

Бірінші және апелляциялық соттар тұрғын үй инспекциясының әрекетін заңсыз деп танып, әйелді кезекке қайта қоюды міндеттеді. Кассациялық сот бұл шешімдерді қолдады. Сот актілерінде "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес, "Алтын алқа" иегері көпбалалы аналар баспанаға мұқтаж деп танылып, есепке қойылған болса пәтер алғанға дейін кезектен шығарылмауы тиіс екені атап өтілген.

Кассациялық сот сондай-ақ бұрын санитарлық және техникалық талаптарға сай келмеген баспананың болуы азаматтың мұқтаж мәртебесін жоймайтынын, сондықтан кезектен шығаруға негіз болмайтынын баса айтты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget