Ұлттық бейнелеу өнерінің көрнекті өкілінің бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ағымсалы Дүзелханов жетпіс төрт жасында дүниеден озды.
Киелі Сыр бойында өмірге келген қылқалам шебері жас күнінен бейнелеу өнеріне ынтық болды. Алматыдағы көркемсурет училищесін аяқтағаннан кейін, білімін одан әрі В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтында жалғастырды. Сонда оқып жүріп, бірегей өнер тарландарынан тәлім алды.
Талантты суретші бейнелеу өнерінің барлық жанрына қалам тербеді. Әсіресе А.Дүзелханов кескіндеме жанрында ерекше қолтаңбасын қалдырды. Ол «Алтын сарбаз», «Түркістан», «Ордабасы», «Көроғлы», «Оғыз хан» атты туындыларымен ұлттық бейнелеу өнерінің қазынасын байытты. Сондай-ақ «Қорқыт», «Абылай хан», «Әбілқайыр хан», «Төле би», «Қазыбек би», «Әйтеке би» атты портреттері арқылы тарихи тұлғалардың бейнесін тірілтті. Ал «Тұмар патшайым», «Қыз Жібек», «Қыз ұзату», «Айман-Шолпан» атты картиналарымен қазақ аруларының сұлулығын айшықты көркемдеді.
Көрнекті кескіндемеші отандық кітап иллюстрация саласын дамытуға да сүбелі үлес қосты. Өнер майталманы көзі тірісінде тарихи, фольклорлық тақырыптар мен балаларға арналған екі жүзден астам кітап пен әлеуметтік және тарихи тақырыптағы елуден аса плакатты әсем безендірген. Қаншама шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз болды. Профессор атанды. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап графикалық өнер техникасы бойынша оқу-әдістемелік құралын жазды.
Бүгінде Ағымсалы Дүзелхановтың тарихи туындылары ел Президентінің резиденциясында, сондай-ақ жоғары мемлекеттік мекемелердің төрінен орын алған. Бірқатар шығармалары еліміздегі музейлер мен шетелдегі мұражайларда сақтаулы тұр. Біртуар шебердің есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге де жақсы таныс. Осы ғасыр басында әлемнің 100-ден астам елінен келген суретшілер қатысқан БҰҰ Нью-Йоркте (АҚШ) ұйымдастырған «Глобал Арт-2000» халықаралық көрмесінде топ жарып, дүниежүзінің үздік 33 қылқалам шеберінің қатарына енді.
Міне, осындай отандық бейнелеу өнеріне өлшеусіз үлес қосқан талантты тұлға бабалар кеткен мәңгілік жолға бет бұрды. Бірақ оның ғажайып шығармалары бар да айтулы қылқалам шеберінің есімі ешқашан ұмытылмайды.