Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды шот-фактуралар берудің жаңа тәртібі енгізіледі.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасында бизнес қауымдастығына жаңашылдық түсіндіріліп, олардың ұсыныс-пікірі талқыланды. Жобаны Мемлекеттік кірістер Комитеті жүзеге асырады. Өзгеріске сәйкес, қосылған құн салығын алдын ала төлеу қажет. Егер талап сақталмаса, жүйе құжатты рәсімдеуге мүмкіндік бермейді. Бұл шаралар салықтық есеп айырысудың ашықтығын арттыруға бағытталған.

Тимур Жаркенов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары:

- Арнайы есеп-шоттар болады. Әрбір келісім бойынша белгілі бір қосымша құн салығы қарастырылады. Егер арнайы есеп-шотта дәл сол мөлшерде қаражат болмаса, электронды шот-фактураға тіркеу номері берілмейді. Біз бұл тұста критерийлерді оңтайлы құрып, салық төлеушілердің барынша аз бөлігін ғана аванс төлеуге міндеттеу маңызды деп ойлаймыз.