Бүгін Осака қаласында Қазақстан туы көтерілді, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша, дүниежүзілік EXPO көрмесінде еліміздің ұлттық күні аталып өтті. Елеулі іс-шарада қазақстандық өнерпаздар жапон жұртын несімен таңқалдырды?
Владислав Цой, тілші:
- Осакадағы EXPO-2025 көрмесіндегі Қазақстанның ұлттық күні 10 тамызға бекітілуі тегін емес. Биыл – халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Ғұлама ойшылдың мерейтойында жапон көрермендерінің алдында Қазақстаннан келген жүзге жуық әртіс өнер көрсетті. Олар шамамен бір шақырымдық шеруге қатысып, жапондарды Абай шығармашылығымен таныстырды.
EXPO-дағы еліміздің ұлттық күнімен Жапонияның Экономика, сауда және индустрия вице-министрі Акиёси Като және Қазақстанның Сауда және интеграция министрі құттықтады. Арман Шаққалиев көрме қонақтарының Қазақстан павильонына деген қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Біз ұлттық дәстүрімен заманауи технологиялармен үйлестіре отырып, еліміздің әлемге ашықтығын көрсетеміз. Біздің павильонға миллион адам келеді деп күтілуде. Бұл – Қазақстанға оның жетістіктерімен болашағына деген қызығушылықтың жарқын көрінісі.
Дәулет Еркімбаев, EXPO-2025 Осака дүниежүзілік көрмесінде Қазақстан секциясының бас комиссары:
- Біздің павильонымыз жергілікті жұртқа қазақ халқының мәдениетін, тарихын ашып көрсетуімен қызықты. Біз мұнда тарихымыздың қалай дамығанын, Қазақстанның шын мәнінде терең әрі мол мәдени және тарихи мұрасы бар ел екенін көрсетеміз.
Қазақстан павильоны қонақтарын ұлттық киім киген қыз-жігіттер қарсы алды. Меймандарға бауырсақ пен апорт алмамыз ұсынылды. Осакадағы EXPO қалашығының бірнеше алаңында күш атасы Сергей Цырульников, Дина Нұрпейісова атындағы оркестр, «Сармад» және «Арт-домбыра» ансамбльдері, опера әншілері Зарина Алтынбаева мен Алтынбек Әбілда өнер көрсетті.
Аяко, Осака қаласының тұрғыны:
- Билері әдемі, әндері тамаша, ал аспапта ойнауы керемет болды. Мен көптен бері қазақ музыкасын тыңдағым келіп жүрген, сондықтан бүгін соған мүмкіндік туғанына қуаныштымын.
Миа, Осака қаласының тұрғыны:
- Бұл өте ғажап болды. Әсіресе, опера әні қатты ұнады. Керемет әсер алдым. Көп рақмет!
Қазақ әндерін Димаш Құдайбергеннің жапондық жанкүйерлері де орындады. Олар Қазақстан күнін атап өту үшін Жапонияның түкпір түкпірінен арнайы келді.
Осакадағы дүниежүзілік EXPO-ға Қазақстан делегациясының қатысуы елімізге жапон туристерінің ағылуын арттыруы мүмкін. Бұған Жапония мен Қазақстан арасындағы алғашқы әуе рейсі де ықпал етеді. Токио – Алматы бағытының ашылуы келесі жылға жоспарланған.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян