Жаз айларында сот тәртібімен облыстағы 17 білім беру мекемесіне айыппұл салынды , деп хабарлайды Egemen.kz.
Бір ай бұрын Шу ауданында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған сегіз мектеп жауапқа тартылды. Күні кеше осындай шара тағы тоғыз мектепке қолданылды, бұл жолы Жуалы ауданында.
Сәуір айында жергілікті төтенше жағдайлар департаменті бірқатар заңбұзушылықты анықтап, мекемелерге ұйғарым шығарылып, оларды түзетуге уақыт берілді. Белгіленген мерзімнен кейін шілде айында өткен қайталама тексеріс барысында анықталған бұзушылықтар түзетілмеген, содан кейін әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар жасалған.
ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес әрбір білім беру мекемесіне 100 АЕК (393 200 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Жуалы ауданы мектептері төлеген жалпы сома 3,5 млн. Шу ауданы мектептері айыппұлының жалпы сомасы қазірдің өзінде 6,6 миллион теңгеден асты.