Бүгін Ақтау тұрғындары біраз уақыт қоғамдық көліксіз қалды.

Автобус жүргізушілері жалақыны көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, наразылық танытты. Мәлім болғандай, тек қаладағы қоғамдық көлік емес, аудандарға қатынайтын автобустардың да біразы рейске шықпаған. Жүргізушілердің шамамен 80 пайызы наразылық шарасына қатысқан. Жағдайды реттеу үшін әкімдік, прокуратура, полиция және жұмыс беруші компаниялардың өкілдерінен жұмыс тобы құрылды. Жүргізушілер оларға өз талабын жеткізді. Мамандар қолданыстағы заңнама ережелерін түсіндіріп, мәселені шешу жолдарын айтты. Тараптар келіссөз жүргізіп, ортақ мәмілеге келді. Қазір қалада қоғамдық көлік қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

Бауыржан Жұманиязов, автобус жүргізуші:

- Алғашқы талабымыз: жалақы көтерілуі керек. Қазақстандағы региондардың ішінде ең төменгі бағаны қойып қойған. Басқа жақтарда отыз үштен қырық жетіге дейін деп естіп жатырмыз. Біздерде 23 мың тенге.

Асхат Нұрмұхан қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Жүргізушілер және құрылған топ арасында мердігер мекемеге тапсырма берілген болатын. Заң аясында аталған мәселелерді шешу. Тез арада нақты мәселелерді талқылап, бір шешімге келу бойынша тапсырма берілді.