Әлемнің дамыған елдері жетім балаларды тәрбиелеуде интернат үлгісінен бас тарта бастады. Оның орнына патронаттық отбасы, шағын отбасылық үйлер секілді жүйені қарқынды дамытып келеді. Яғни баланың психологиялық көңіл күйі мен қоғамға сіңісуіне баса назар аударады.

Жетім балалар шағын үйлерде тұрады

Германияда жетім балалар мәселесі аса өткір. Кейінгі деректерге қарағанда елдегі 10 млн баланың 340 мыңы ата-ана қамқорлығынсыз. Қазір Германияда интернат үлгісіндегі балалар үйі жоқтың қасы. Тағдыр тәлкегімен жетім қалғандар 6-8 балаға арналған шағын үйлерге орналастырылады. Ал әлеуметтік педагогтер мейірімге зәру баланы бауырына басып, жеке-жеке көңіл бөліп, қамқорлық жасайды. Олардың жағдайын жергілікті жастар ісі жөніндегі орган қызметкерлері бақылап-қадағалайды.

Швеция шетелден бала асырап алуға тыйым салмақ

Швецияда шетелден бала асырап алуға тыйым салынуы мүмкін. Өйткені елде жетімнің көз жасынан қорықпай, пайда табу деректері жиілеген. Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін 4 жыл бұрын құрылған арнайы комиссияның жуырда қорытынды есебі жарияланды. Келтірілген деректерге қарағанда қаскүнемдер Чили мен Колумбияда тұратын тұрмысы нашар отбасының балаларын тірі жетімге айналдырып, жалған құжат жасап, шекара асырып келген. Осы күнге дейін швециялықтар сырттан 60 мың баланы асырап алды. Ел билігі: «Олардың арасында тірідей ата-анасынан айырып, құқық бұзғандар жетерлік», – дейді.

АҚШ-та 400 мың бала патронаттық тәрбиеге берілген

Ал АҚШ-та жетім, асыраушысынан айырылған балалардың жағдайын жасауда патронаттық отбасылардың көмегі көп. Былтыр Америкада 400 мыңнан аса бала патронаттық тәрбиеге берілген. Құзырлы органдардың дерегі бойынша билік осы отбасыларға ай сайын 1200 доллар төлейді. Бұл біздің ақшамен 620 мың теңге. Алайда патронаттық алған балалардың барлығы бірдей жаңа отбасына бейімделіп кете алмайды. «Соңында үйден кетіп қалу жағдайлары да кездесіп жатады», – дейді сарапшылар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт