Бүгін – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні. Осыған орай Елордадағы Есілдің жағасында «Есірткімен болашақ жоқ!» атты шара өтті, деп хабарлайды 24kz.

Науқанға 14 пен 35 жас аралығындағы қала тұрғындары мен қонақтары шақырылды. Жиынға тәртіп сақшылары қатысып, есірткіге еліткендердің ауыр тағдыры туралы баяндады. Сондай-ақ кеселмен қоғам болып күресуге шақырды.

Нашақорлық белең алып барады. Биыл Астана қаласында полицейлер 600-ден астам заңсыз есірткі айналымын әшкереледі. Оның ішінде тыйым салынған заттардың саудасына қатысты 120 қылмыстық іс бар. Мамандар: «Жағдай күрделі екенін айтып, нашақорлықпен күресу үшін қоғам күш біріктіру керек», — дейді. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты да осы.

Әлия Қибатқызы, Астана ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

- Заңсыз есірткі айналымынан 300 келіден астам әртүрлі есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 30 кг жуық синтетикалық есірткі заттары. Біздің ең басты мақсатымыз – қаланы есірткіден тазарту, сондай-ақ жастарға ешқандай есірткіге бармаңыздар, себебі ол жақтан артқа қайту өте қиын болады демекпіз.

Нашақорлықпен күреске волонтёрлер де белсене атсалысуда. Түрлі ұйымдар азаматтық мониторинг жүргізіп, есірткінің жолын кесіп жатыр. Қоғамдық жұмыс жағаса береді. Әсіресе, жастар тарапы профилактиканы күшейтіп жатқанын айтады.

Сұлтан Өмірғали, «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:

- Осы іс-шарада біз Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына нашақорлыққа жоламау және уақытын білімге, спортқа арнау деген сияқты бағыт-бағдар береміз.

Шара барысында кеселдің кесірі жайлы мәліметтер айтылып, нашақорлықпен белсенді күрес жүргізген азаматтар марапатталды. Сондай-ақ викториналық сұрақтар қойылып, қонақтарға сыйлық таратылды. Әрі қарай концерттік қойылыммен жалғасты.

Авторлары: Бекзат Аманов, Бағдат Қайыркен