Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Хансұлтан Тоғысұлы Сүйіншәлин» атты жинақтың таныстырылымы өтті. Ол 1920–1935 жылдары Ақтөбе , Риддер, Қарсақпай, Қостанайда жастар ұйым­дарын құруға белсене қатысқан, 1937 жылдың жел­тоқ­санынан 1938 жылдың маусымына дейін Халық ағарту комиссары қызметін атқарып, «халық жауы» ретінде сотталған.

Кітап авторлары – Еркін Бақтияров пен Мұсағали Тас­қалиев тарихи тұлғаның қызметіне осы күнге дейін жеткілікті баға берілмегенін атап өтті. Хансұлтан комиссар туралы жазушы, публицист Бейбіт Қойшыбаев 2017 жылы мақала жариялады. Одан бас­қа дерек жоқ. Сүйіншәлин есі­мі қазақ кеңестік ағарту саласын басқарғандар туралы жинаққа да енбей қалды. Ескерерлік жайт, 2023 жылы Алматы қаласындағы бұрынғы Фурманов көшесіндегі Сүйін­шә­лин тұрған үйге ескерт­­кіш тақта қойылды. «Темірбек ­Жүр­­генов 1933 жылдың ма­у­сымы­нан 1937 жылдың шіл­де­сіне дейін Қазақстанның Халық ағарту комиссары болды. Ол ұсталған кезде орнына Біржан Манкин тағайындалып, бес ай ғана бас­қар­ды. Сол жылдың желтоқсанында Хансұлтан Сүйіншәлин оқу комиссары болып бекітілді», дейді Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері Еркін Бақтияров.

Хансұлтан 1905 жылы Ырғыз болысының Ақтоғай деген жерінде өмірге келген. Жеті жасында анасы өмірден өткенде, әкесі Сүйіншәлі Шал­қарға көшіп келеді. Мұнда үш жыл медреседе, одан соң екі басқыштық орыс мектебін­де оқиды. 1918 жылы әкесі өмір­ден өткенде, Хансұлтан 13 жас­та екен. 1924–1925 жылдары Ақтөбеде кеңестік партия мек­тебінің тыңдаушысы, коммунистік партия мүшесі, одан кейін Шалқар уездік комсомол ұйымын басқарады. 1926–1927 жылдары Қарсақпай уездік комсомол ұйымы­ның хатшысы, 1928 жылдан Қос­танайда округтік комсомол комитетінде, Алматыда жұ­мыс істейді. Оқу комиссары­ 1938 жылдың тамызында тұтқындалып, Алматы түр­месіне қамалып, 1940 жылдың 11 маусымында бес жылға сотталады. Жазасын Магадандағы еңбекпен түзеу лагерінде өтейді. «Хан­сұлтанды ұстап кеткенде, әйелі Қатира екі жастағы ұлы Болатты алып қырғыз жеріне кетіп, елге 1942 жылы қайта оралады. Оған ерінің ақталғаны жөнінде хабар 1955 жылы жетіп, келесі жылы Хансұлтанның Магадан облысы Сусаман кен­тінде 1941 жылы 3 қаңтарда жүрек талмасынан қайтыс болғаны туралы анықтама берілген», дейді Е.Бақтияров. Сараң өмір­баяндық дерек­тердің арғы жағында кеңес өкі­метінің алғашқы жылдарында халықты сауаттандыру ісіне зор үлес қосқан тұлғаның ұмытылған еңбегі тұр.

Баласы Болат Хансұл­тан­ұлының жасы 89-да, сол ауылда тұрады. Өсіп-өнген әулет. Кездесуде Түргеннен Болаттың баласы Әлжан мен немересі 24 жастағы Хансұлтан Әлжан­ұлы хабарласып, шейіт кеткен аталарының туған жеріне Болат ақсақалдың сәлемін жеткізді.

Ақтөбе облысы