Жол құрылысы және абаттандыру жұмыстары биыл толық аяқталады.

Жетісу облысында Балқаш көліне дейінгі жол қайта жаңғыртудан кейін көлік қозғалысы үшін ашылды.

Балқаш көлі – Жетісу өңірінің туристік әлеуетін танытатын нысанның бірі. Балқаш көліне көлікпен бару жағдайын жақсарту үшін көлге апаратын жол екі учаскеге бөлініп, жаңғырту жұмысы жүргізілді. Атап айтқанда, ұзындығы 27 км "Лепсі – Балқаш көлі" жолы былтыр пайдалануға берілді. 2018 жылы құрылысы басталған "Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай" автожолының 35-110 шақырымы бұған дейін жоспарланғанындай, жуырда жол асфальттың төменгі жабынымен көлік қозғалысы үшін ашылды. Алғашқы бөлігі – 0-ден 35 шақырымға дейінгі аралық 2021 жылы пайдалануға берілді. Алайда қалған бөліктері қаржыландырудың жетіспеушілігіне байланысты кешеуілдеп келді. Бес жылда жоба бірнеше рет өзгертіліп, оның жалпы құны айтарлықтай өсті.

"Қазір 40 км жолда асфальттың беткі қабатын төсеу жұмыстары қалды. Одан кейін жол бойын абаттандыру, жол таңбаларын салу және жол жиегін нығайту жұмыстары басталады. Жол бойында төрт демалыс алаңы орнатылған, онда аялдама, санитарлық торап қарастырылған. Жол құрылысын жүргізген мердігер мекеме жол сапасына 5 жылға дейін кепілдік береді. Қандай да бір ескертпелер, ақаулар шығып жатса, өз күшімен ретке келтіреді. Қазір жол құрылысына 65 техника, жүзден астам адам тартылған. Аталған жолды толық пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған", – деді Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.

Жобаның құны – 30,4 млрд теңге. Жоба мердігері – "Жол" ЖШС. Республикалық бюджеттің шектеулі қаржыландыруына байланысты құрылыс баяу жүрді. Соңғы екі жылда облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлініп, жоба қарқынды іске аса бастады.

Бұл автожол жаз мезгілінде Балқаш көліне барам деушілер үшін сұранысқа ие болып отыр. Күніне бұл бағытпен 6 мыңға дейін көлік жүреді. Қазір Талдықорғаннан Балқашқа екі сағатта жетуге болады.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін Лепсі ауылында заманауи жаңа темір жол вокзалын салу межеленген. Осылайша жол инфрақұрылымын дамыту арқылы Балқаш көлі жағалауына көлікпен баруға қолайлы жағдай жасалып отыр.