Қытайда көлік кептелісі күрделі мәселеге айналды . Бұған урбандалу және көліктің қарқынды өсуі себеп. Мегаполистерде ығы-жығы халық, сосын құжынаған көлік.

Қытайда кептеліс әсіресе кейінгі 10-15 жылда қатты сезілді. Мемлекеттік деңгейде түрлі амал қабылданса да, көлік қозғалысы жүйеленер емес. Ел билігі қатаң шаралар енгізуге мәжбүр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайда көлік кептелісі 5 қалада өткір тұр. Бұл тізімге Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Шэньчжэнь, Чунцин қалалары кіреді. Мен тұрған Бейжіңде бұған әсер ететін фактор өте көп. Негізінен халық саны мен автокөліктердің артуы тікелей себеп. Қала тұрғындарының саны 21 миллионнан асады. 2024 жылдың есебі бойынша автокөлік 7 миллионнан көбейіп кеткен.

Таңғы және кешкі уақыттарда қалаішілік жолдарда сағаттап тұруға тура келеді. Бірнеше қабатты жолайрықтар мен ақылы жолдардан пайда жоқ. Ел билігі автокөліктерді тіркеу, қозғалысты шектеу амалдарын енгізіп бақылауды қатаңдатқан. Мәселен, Бейжіңде көліктер кез келген күні жүре алмайды. Жұп нөмірлі автолар тек жұп күндері, тақ болса, тақ күндері жолға шыға алады. Бірақ бұл көбінесе қалада ірі халықаралық іс-шаралар өтетін болғанда қолданылатын шара түрі. Ал апта күндеріне байланысты шектеу тұрақты қолданылады. Мысалы, дүйсенбі мемлекеттік тіркеу нөмірінің соңы 1 және 6-ға аяқталатын көліктер жүре алмайды. Ал сейсенбі күні 2 және 7, сәрсенбі 3 және 8, бейсенбі 4 және 9, жұма 5 және 0 санына аяқталатын нөмірлі көліктерге жолға шығуға тыйым салынған. Бұл жыл бойы өзгеріп отырады. Шектеу таңғы сағат 7:00-ден, кешкі 8:00 аралығына дейін күшінде. Ал сенбі-жексенбі қозғалыс еркін. Ереже жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция, такси, автобустар мен арнайы рұқсаты бар көліктерге жүрмейді. Ал оның сақталуы көшелердегі бейнекамералар арқылы автоматты түрде бақыланады.

Айта кету керек, жүргізушілердің тәртібін бақылап жазалаудың ерекше тәсілі бар. Ол былай: әр жүргізушіге жыл сайын 12 балл беріледі. Егер ол жол ережесін бұзса ұпайы шегеріліп отырады. Мысалы жол апатынан кейін оқиға орнынан қашсаң 12 балл бірден жойылып, үстіңнен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Көлік нөмірін жасыру, мас күйінде көлік тізгіндегендерге де жаза дәл осындай. Қызылға өтіп кетсеңіз, бірден 6 балл алынады. Ал қауіпсіздік белбеуін тақпағаныңыз үшін 2 балл шегеріледі. Бір жылдың ішінде 12 балдың бәрін жоғалтса, жүргізуші куәлігінен уақытша айырылады. Кері қайтару үшін арнайы емтихан тапсыруға міндеттеледі. Қалада көлік сатып алудан бұрын оған нөмір алу өте қиын. Тұрғындар жылдап кезек күтеді. Тіпті 10 жылдан бері тіркеу нөмірін ала алмай жүргендер бар. Қала билігі тоқсан сайын лоторея тәрізді квота ұтысын ойнатады. Бензинмен жүретін көліктерге жылына бар-жоғы 40 мың квота, ал электр қуатымен жүретін көліктерге 60 мың квота бөлінеді.

Бәсеке өте қатаң. Мәселен, бензин көліктерін тіркеу үшін бір лицензияға тоқсан сайын 200 адам таласады. Егер сәті түсіп ұтсаңыз, 6 ай ішінде көлік сатып алып оны тіркеуге қоюға міндеттелесіз. Бұл – Қытайдың ең күрделі автокөлік тіркеу махнизмдерінің бірі. Мұның бәрі ел астанасындағы кептелісті азайтып, экологиясын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ халықты қоғамдық көлікпен жүруге ынталандырудың амалы. Алайда бұдан мәселе толық шешілмей тұр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын