Air Astana 31 наурыздан бастап Қытайдың үшінші ірі қаласы — Гуанчжоуға ұша бастады. Жолаушылар Қазақстанның оңтүстік астанасы — Алматыдан Қытайдың оңтүстігіне тікелей ұшатын мүмкіндікке ие болды. Гуанчжоудағы халық саны тұтас Қазақстанның халық санынан асып кетеді: ірі өнеркәсіп орталығы, туристерге тартымды бағыт, ал бизнес үшін іскерлік мегаполис және тек бұлармен шектелмейді...
Алматыдан Гуанчжоуға 6 сағатта жетуге болады
Әуекомпания 20 жылдай уақыт бұрын алғашқы рейстерінің бірі ретінде Алматы — Бейжің бағытын іске қосты. Содан бері Қытайға тікелей рейстер саны көбейіп келеді. Ал Гуанчжоу — Қазақстан мен Қытай арасындағы бесінші тікелей бағыт. Осылайша аптасына Қытайға орындалатын рейстер саны жиырма үшке жетті.
Бұл - Қытайдың ең ірі өнеркәсіп орталығы, жеңіл өнеркәсіп бойынша әлемдік көшбасшы, 2000 жылдан аса бай тарихы бар қала.
©️ depositphotos.com
Алматы-Гуанчжоу рейсі аптасына үш рет — сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері жолаушыларға ыңғайлы Airbus A321LR ұшағымен орындалады. Қытайдың ең шалғай орналасқан қаласы болғанына қарамастан, жолға кететін уақыт — 5 сағат 55 минут.
Жаңа бағыт іске қосылғанына орай Air Astana Гуанчжоуда БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді.
Әуекомпанияның бас атқарушы директоры Питер Фостер Қытай Air Astana үшін өте маңызды стратегиялық нарық екенін баса айтты.
"Қытаймен байланысымыздың, рейстеріміздің тарихы тым тереңде. Бейжің, Үрімші, Сиань қалаларына рейстеріміз бар. Олардың қатарына Гуанчжоуды қосқанымызға қуаныштымыз. Гуанчжоу — Қытайдың үшінші ең ірі қаласы, мұнда елдің үшінші ең ірі әуежайы орналасқан, сондай-ақ, әлемде ең жылдам дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Сұраныс өскен сайын рейстер санын көбейтуді де жоспарлап отырмыз", — деді ол баспасөз мәслихатында.
Питер Фостердің айтуынша, былтыр Қазақстан мен Қытай арасында шамамен 100 000 жолаушы тасымалданып, 2025 жылы бірінші тоқсанның өзінде 15% пайыз өсім көрсеткен.
"Қытайлық туристерді, кәсіпкерлерді тарту үшін Қазақстанның әлеуеті зор. Қазақстан қытайлық туристер үшін ашық, оның үстіне екі ел арасында визасыз режим бар. Қазақстан, Орта Азия туралы тереңірек білген сайын елге келетін туристер саны көбейе түседі деп сенеміз", — деді Питер Фостер.
Питер Фостер Гуанчжоуға бұл сапарын жылы естеліктермен байланыстырды. Оның айтуынша, 43 жыл бұрын Гуанчжоуға жақын орналасқан Гонконгтегі Cathay Pacific әуекомпаниясында авиация саласындағы еңбек жолын бастаған.
"Қытайдың дәл осы өңірі жүрегіме жылы әрі жақын. Air Astana-ның бағыттары қатарына Оңтүстік Қытайдағы тіршілік қайнаған осы өңірді қосу — өзім үшін де зор мәртебе", — деді ол.
"Қытайлықтар қазақтың қонақжайлығын ұшақта-ақ сезіне алады"
Air Astana компаниясының Қытай мен Моңғолия бойынша аға өңірлік менеджері Ислам Секербековтің сөзінше, әуекомпания Қазақстанның туризмін дамытып, шетелдік туристер ағымын ұлғайту үшін маусымдық тиімді ұсыныстар да жасайды: мәселен қыста Air Astana рейстерімен туристер Алматыға шаңғыларын тегін тасымалдай алады.
"Біз өз өнімдерімізбен де Қытайды Қазақстан мәдениетімен таныстыруға тырысамыз. Мысалы ұшақ интерьеріндегі ұлттық ою-өрнектер, т.с.с. Қазақтың қонақжайлығын жолаушы ұшақта-ақ сезіне алады", — деді ол.
"Қазақстан Гуанчжоу үшін жұмбақ болатын". Еуразия қақпасы ашылды
Алматы Қазақстанның ірі туристік және іскерлік орталығы, оған қоса Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды түйін ретінде қытайлықтарды қызықтырары сөзсіз. Бұл сөзімізді этникалық қазақ Жайнар Мұратқызы да қуаттайды.
Гуанчжоуда 15 жылдан бері тұратын кәсіпкер Алматы-Гуанчжоу рейсінің арқасында туризм бағытындағы бизнесін дамытуды да көздеп отыр.
"Гуандун халқы туризмге өте жақын, саяхаттағанды жақсы көреді. Еуропаға, Аустралияға, Оңтүстік Шығыс елдерге көп саяхаттайды. Бірақ бұған дейін Еуразияға көп бармайтын. Қазақстан тіпті жұмбақ болатын. Бір жағынан енді виза тәртібі де жеңілдеді. Осының арқасында туризмді дамытып, қытайлықтарды Қазақстанға апарамыз, ал қазақстандықтарды Гуанчжоуға әкелуді жоспарлап отырмыз", — деді ол.
Оның үстіне Гуанчжоудан келген жолаушылар Алматы арқылы Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Еуропаның басқа қалаларына, әсіресе, Грузия секілді танымал бағыттарға саяхатын жалғастыра алады. Осылайша Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Алматы туристік бағыт қана емес, транзиттік хаб қызметін де атқарады.
©️ depositphotos.com
Жайнар Мұратқызы жаңа бағыт екі елдің кәсіпкерлері үшін уақытты үнемдеу құралы екенін де жасырмады.
"Гуанчжоу — ең алыс қала. Бізге Қазақстаннан серіктестеріміз, қонақтарымыз көп келеді. Біз де Қазақстанға жиі барамыз. Бейжің, Үрімші немесе Сиань арқылы ұшатынбыз, бір күн уақытымыз сол жолға кететін. Air Astana Гуанчжоуға тікелей рейс ашқанына қуаныштымын. Бұл бизнес саласындағы адамдарға өте ыңғайлы", — деді ол.
Massaget.kz/Zhansaya Kadyrzhanova
Бұл бағытпен көбіне кімдер ұшады?
2024 жылы ҚХР Алматыға келген туристер саны бойынша үшінші орында болды, жалпы 99 мыңнан аса адам келген. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 15%-ға артуы мүмкін.
Қытайлық журналист Билли Янг та Гуанчжоудан Алматыға қатынайтындар саны көп болатынына сенімді.
"Тікелей рейстің арқасында Алматыға жету жеңілдей түсті. Бұл — Орта Азия, Қазақстан, Алматы туралы білгісі келетін туристер үшін үлкен мүмкіндік. Екі бағыт бойынша жолаушылардың жартысы туристер, ал жартысы кәсіпкерлер болады деп ойлаймын", — деді ол.
Massaget.kz/Zhansaya Kadyrzhanova
Гуанчжоу төрінде қазақтың киіз үйі тігілді
Air Astana Қазақстанның "халықаралық елшісі" десе де болады, іс-шара соңында әуекомпания мұны қазақтың бай мәдени мұрасын насихаттау арқылы көрсетуге тырысты.
Қытайлықтар киіз үйге таңданысын жасырмады, бұл киіз үй жанында батырлармен, ұлттық киім киген қыздармен суретке түскен қытайлықтардың көптігінен де байқалды.
"Тенгри" этно тобы қытайлықтарға ұланғайыр қазақ даласының тылсым күшін сезіндірді, танымал дизайнер Айжан Бекқұлова өзінің "Ұмай" атты сән шоуын көрсетіп, шашу шашты. Қытайлықтар қазақтың ұлттық тағамдарынан да дәм татты.
Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Air Astana Алматы-Гуанчжоу бағыты арқылы екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға үлес қосып отыр.
Гуанчжоу рейсінің ашылуы — Алматының туристік, транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін арттыратын ұтымды стратегия, екі елдің ең ірі оңтүстік мегаполистерін төте байланыстыру жолы. Бұл ретте әуекомпания екі қала арасында жоғары деңгейдегі "көпір" қызметін ұсынатынына сендірді.
Айта кетейік, Гуанчжоуға сапарламас бұрын мыналарды білуіңіз керек:
- Қазақстандықтар Қытайда 30 күнге дейін визасыз жүре алады;
- Банк картасымен қоса қолма-қол ақша шығарып алған жөн, қытайлық қосымшалар арқылы да төлеуге болады;
- Didi Taxi, т.с.с. жергілікті такси қызметін пайдалануға болады, офлайн аудармашы жүктеп алған да дұрыс;
- Ең бастысы: екі бағытқа билет құны эконом санат үшін 281 385 теңгеден, бизнес санат үшін 827 491 теңгеден басталады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!