Түркістан облысы Cіргелі ауылында бала өлтіру, бала өлтіруге оқталу баптарымен айыпталған жасөспірім қызға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қабылданды. Ол былтыр екі рет көрші балаларды ауласындағы дәретхана шұңқырына тастап жіберген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 2008 жылы туған жасөспірімге қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 3-бөлігі бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлі шараларды қабылдау жөнінде қылмыстық іс қаралды.
С. бала өлтіру, бала өлтіруге оқталу баптарымен айыпталған.
Сотта бірнеше эпизод анықталды.
"Жасөспірім С. 2024 жылдың 16 мамырында сағат 09:30 шамасында Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында жер үйінің ауласында әжетхана шұңқырына көрші үйде тұрған 2021 жылы туған қыз баланы күштеп тастап, оны қасақана өлтірген, — делінген сот хабарламасында.
Екінші эпизод бойынша да ол қыз баланы өлтіруге оқталған.
"Жасөспірім С. 2024 жылдың 13 шілдесінде сағат 20:00шамасында өзінің жер үйінің ауласында орналасқан әжетхана шұңқырына басқа көрші үйде тұратын 2019 жылы туған қыз баланы қасақана тастап өлтірмекші болған. Алайда С. қылмысын өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізе алмаған", — дейді сот өкілдері.
Соттың кешенді сот-психиатриялық-психологиялық сараптамасының қорытындысына сай, С. "Шизофрения симптомдары қабаттасқан жіті полиморфты психоздық бұзылу" түріндегі созылмалы психикалық аурумен ауыратыны анықталды. Оқиға болған кезде С. психикалық ауру жағдайында болған, ол қылмыстық іс үшін маңызды болған іс-әрекеттерді дұрыс қабылдай алмаған және ол туралы жауап бере алмайды деген тұжырымын назарға алып, қайталама сараптама тағайындаған.
2025 жылы сотпен тағайындалған қосымша кешенді сараптамаға сәйкес, бірінші сараптама қорытындысы өзгеріссіз қалған.
Сот Қылмыстық кодекстің 16-бабын яғни, психологиялық ауру кезінде қоғамға қауіпті әрекет жасаған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайтынын ескерген.
"Сот қаулысымен С. қоғамға қауіпті іс-әрекетті ақыл-есі дұрыс емес күйде жасаған адам ретінде танылып, қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оған интенсивті байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық станционарда медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шаралары тағайындалды", — делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, 2024 жылы 16 мамырда Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында үш жасар қыздың жоғалып кеткені туралы хабарланды. Бүлдіршін анасы үй шаруасымен айналысып жатқан кезде есіктің алдында ойнап жүргенде жоғалып кеткен.
Қыз баланың денесі үш күннен кейін әжетханадан табылды.
Артынша полицейлер қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты. Олар жоғалған кішкентай қыздың денесі көрші үйдің дәретханасынан табылғанын, зорлық-зомбылықпен өлім белгілері жоқ екенін мәлім етті.
Арада біраз уақыт өткенде дәл сол ауылда тағы бір бес жасар қыз дәретхана шұңқырынан құтқарылды. Содан іс қайта ашылып, тергеу басталды.
Тергеу іс-шаралары барысында бұл оқиғаға кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы болуы мүмкін екендігі анықталды. Анықталған жағдайларға байланысты және күдіктінің психологиялық жағдайын ескере отырып, ол мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды.