Астанада жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бүгінгі таңда рельстің 11 шақырымы төселіп, бетонмен нығайтылды. Бұл желінің эстакадалық бөлігінің жалпы ұзындығының 50 пайызын құрайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Шпал төсеу және рельс монтаждау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес барлық учаскелерде жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары негізгі нысандардың – "Нұрлы жол" теміржол вокзалының, Халықаралық әуежайдың, Министрліктер үйінің және Республикалық бас мешіттің маңында жалғасып жатыр.

Қазіргі уақытта барлық құрылыс және инженерлік жұмыстар қалыпты режимде атқарылуда. Сонымен қатар, станциялар инфрақұрылымы мен электрмен жабдықтау жүйелерін дайындау жұмыстары жүріп жатыр", – деп хабарлады City Transportation Systems компаниясының баспасөз қызметі.

Астанадағы жеңіл рельсті көлікті сынақтық іске қосу 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.