Еліміздің түкпір-түкпірінде білімге құштар, талабы таудай жастар өсіп келеді. Түрлі олимпиадалардан оза шауып, жетістікке жетіп жүрген дарынды оқушыларды жиі кездестіреміз. Олар – болашақтың шамшырағы, ел үмітін арқалаған жас буын. Заманауи оқушы тек сабақ үлгерімімен ғана емес, жаңашыл идеяларымен, әлемдік білім кеңістігіне ұмтылысымен ерекшеленеді. Соның жарқын мысалы ретінде шетелдік университеттерден жаппай шақырту алған екі талапты түлек – Ақжүніс Атахан мен Айсұлтан Алтынбекті атап өтуге болады.
Сарыағаш ауданына қарасты №7 Төле би атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Ақжүніс Атахан әлемнің 36 беделді университетінен оқуға шақырту алды. Нақтырақ айтсақ, ол АҚШ, Канада, Түркия және Малайзиядағы жоғары оқу орындарына құжат тапсырған. Оның ішінде Америка Құрама Штаттарының – 17, Дубайдың – 5, Түркияның – 6, Малайзияның – 5 университеті оған арнайы грант ұсынса, Канаданың бір университеті президенттік стипендиямен оқуға қабылдаған. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 111 балл жинаған Ақжүніс қазір халықаралық қатынастар мамандығын таңдап отыр. Ол алдағы уақытта халықаралық деңгейде білім алып, ел дамуына өз үлесін қосуды мақсат етеді.
Ал Арыс қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Айсұлтан Алтынбектің жетістігі тіптен ауқымды. Ол әлемнің 86 университетінен шақырту алып, жалпы құны 4,6 миллион долларды құрайтын грант жеңіп алды. АҚШ, Ұлыбритания, Мажарстан, Германия, Оңтүстік Корея, Аустралия сынды елдердегі жетекші оқу орындары Айсұлтанның біліміне жоғары баға берген. Атап айтар болсақ, «Budapest University of Technology and Economics», «Eötvös Loránd University», «University of East London», «Albion College», «Hampshire College», «Drexel University», «DePaul University», «CU Boulder» (University of Colorado Boulder), «Drake University», «Temple University» сынды оқу орындарының арыстық түлекке таңдауы түскен. Бұл жоғары оқу орындары ғылым, технология, бизнес және әлеуметтік ғылымдар саласында алдыңғы қатарда. Ал жас түлектің арманы – ІТ саласында еңбек етіп, қазақ тілінде сайт жасап, шетелде оқығысы келетін ауыл балаларына жол көрсету. Бұл платформада шетелге оқуға түсу, құжат жинау, тестке дайындық туралы маңызды ақпараттар мемлекеттік тілде беріледі.
Ақжүніс пен Айсұлтан – ұстаз еңбегінің, ата-ана мейірімінің және өздерінің қажырлы талпыныстарының арқасында білім-біліктерінің халықаралық деңгейде жоғары бағаланатынын дәлелдеді. Олар ертеңгі күні елге оралып, алған білімін туған жер игілігіне жұмсайтын азамат болып өседі деген сенім мол.