Кейбір отбасылар үшін 7 мамыр мереке болудан қалды, неге?
Болашақ армиясы: цифрлық серпіліс пен адами фактор
Президент қорғаныс ведомствосының алдына өршіл міндет қойды: екі жыл ішінде армияны толық технологиялық қайта жарақтандыруды жүзеге асыру және стратегиялық дайындық деңгейін сапалы жаңа белеске шығару жүктелді, деп жазды inbusiness.kz.
"Еліміз түрлі сын-қатердің алдын алуға және кез келген қауіпке төтеп беруге дайын болуға тиіс. Сондықтан мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырта беруіміз қажет. Бұл – қазіргі тұрақсыз, құбылмалы заманның талабы, соны ескере отырып, ең алдымен, Қарулы күштерімізді және әскери мекемелерімізді түбегейлі реформалау керек. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет, оны созбай, екі жыл ішінде орындау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Парламенттің қос палатасының депутаттары бірнеше жылдан бері басқа бір сын-қатердің алдын алып, өзгеше бір қауіпке тойтарыс беруге тырысып келеді. Әңгіме армиядағы әлімжеттік пен суицид туралы.
Өткен жылдың соңында бір топ сенатор Үкімет басшылығына армияны реформалау бастамасымен жүгінді. Олар ҚР Қарулы Күштерінің жеке құрамы арасындағы әскери тәртіпті, құқықтық тәртіпті және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін реттейтін заңнаманы жүйелі түрде, түпкілікті жаңарту қажеттігіне баса назар аударды.
Бастама авторларының бірі, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукиннің пікірінше, мұндай реформа жаңғыртудың қосымшасы емес, оның қажетті шарты, ұстыны болып табылады. Онсыз қоғамның армияға деген сеніміне селкеу түседі, ал, тыл тарапынан сенім болмаса, әскердің жауынгерлік қабілетінің күшеюі де қиын.
"Әскери тәртіп – бұл қорғаныс жүйесінің тиімділігі мен тұрақтылығы сүйенетін іргетас. Ол жауапкершілік деңгейін де, дайындық дәрежесін де, жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйін де анықтайды. Қарулы күштердің ел мүддесі үшін өз міндеттерін лайықты орындау қабілетін де тәртіп айқындайды. Ал, тәжірибеге талдау көрсеткендей, жүйелі проблемалар сақталуда, арасында: бөлімді өз бетінше тастап кету жағдайлары, жарғыдан тыс қарым-қатынастар, сыбайлас жемқорлық және әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастың жарғылық ережелерге қайшылығы бар", – деді Лукин.
Әділдік үшін айта кету керек, осының бәрін Мемлекет басшысы біраздан бері айтып келеді. Ол бұған дейін тәрбие жұмысының сапасын арттыруға, жарғыдан тыс қарым-қатынастар мен коррупцияны болдырмауға, жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйіне бақылауды күшейтуге, сондай-ақ тәртіпті мониторингтеудің цифрлық құралдарын енгізуге қатысты тапсырмалар берген болатын.
Құпиялылықтың бітеу қабырғасы: неге дәрігерлер сарбаздарды естімейді?
Бұл жерде сенаторлардың "Әскери қызметшілер арасындағы суицидтік жағдайлардың алдын алудың ведомствоаралық бағдарламасын" бекіту туралы бастамасы назар аударуға тұрарлық. Ұсыныс өте қисынды еді: бағдарлама аясында әскерге шақырылушылардың психикасын ерте диагностикалау, әлжуаздарын психо-әлеуметтік сүйемелдеу, солдаттардың отбасыларымен тікелей жұмыс істеу, сондай-ақ жалғыз Қорғанысминімен шектелмей, бұл іске бірден бірнеше ведомствоны – Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Ғылым және жоғары білім министрліктерінен бастап ҰҚК-ге дейін жұмылдыру ұсынылды.
Кейінірек белгілі болғандай, Үкімет бұл бастаманы қабылдамай тастапты. Өйткені қолданыста тиісті құжаттың онсыз да барын нұсқаған.
"Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі "ҚР халқы арасында суицидтің алдын алу жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған жол картасын" әзірледі. Карта алдын алудың жүйелі және ғылыми негізделген шараларын енгізу арқылы бүкіл Қазақстан халқы арасында (ішіне әскери қызметшілер де кіреді) суицидтік мінез-құлық деңгейін төмендетуге бағытталған іс-шараларды қарастырады", – деп қысқа қайырды депутаттарға жауабында Премьер-министр Олжас Бектенов.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, құжат қазіргі кезде іске асырылуда. Жол картасы "психологиялық көмек қызметтерін дамытуға, қауіп топтарын ерте анықтауға, білім беру ұйымдарында алдын алу жұмыстарын күшейтуге, көмектің қолжетімділігін арттыруға және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына" бағытталған жүйелі шараларды қарастырады.
Бірақ бір "гәп" бар: Денсаулық сақтау министрлігі – азаматтық құрылым, ал, әскери бөлімдер қатаң рұқсат беру жүйесі бар жабық режимді нысан. Әлгі карта аясында олардың аумағына апарар жолды бақылау-өткізу пункттері, сонымен қатар түрлі шектеулерден, арнайы рұқсаттардан, келісім алулардан тұратын бюрократиялық тосқауылдар бөгеп тұр.
Нәтижесінде, азаматтық психолог немесе Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі казармаға қалаған кезінде кіріп, сарбаздан оны не мазалайтынын өз бетінше сұрай алмайды. Әскери қызметшілердің нақты мұқтаждықтары Денсаулық сақтау министрлігінің әлгі Жол картасының артқы жағында еленбей қалады деген қаупі бар.
Сондықтан сенаторлар тек әскери ортаның төл ерекшелігін егжей-тегжейлі ескеретін жеке, мамандандырылған бағдарлама болса дейді. Онсыз әскери қызметшілердің менталды саулығына қамқорлық тек қағаз жүзінде қалуы ғажап емес.
Суицид: әрбір трагедияның есімі және себебі бар
Сарапшылар ортасында және сарбаз аналарының қауымдастықтарында соңғы заңнамалық жаңалықтарға байланысты мазасыздық байқалады. Әңгіме "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңға енгізілген соңғы түзетулер туралы болып отыр.
Өзгерістер бұрын мемлекеттік қызметшілер немесе әскерилер қатарынан масқара болып қуылғандарға "екінші мүмкіндік" береді. Қолданыстағы заң теріс себептермен мемлекеттік немесе әскери қызметтен босатылғандарға мұндай жұмыстан шығарылғаннан кейін 2 жыл өткен соң келісімшарт бекітіп, әскери қызметке тұруға немесе қайта оралуға мүмкіндік беретін нормалармен толықтырылды.
Мұны қабылдаған парламентшілердің ниеті түсінікті: армия кадр тапшылығына тап болды және түйткілді қолжетімді құралдармен шешуге тырысуда. Әйтсе де, қоғамның көкейінде орынды сұрақ тұр: осыдан кейін офицерлік және сержанттық корпус нормаларды қатаң сақтауға қатысты проблемасы бар адамдар жұмыс істейтін орынға айналып кетпей ме?
Ranking агенттігінің сарапшылары суицид пен атылып қалуға қатысты қайғылы оқиғалардың елді жиі дүрліктіріп жүргеніне қарамастан, Қорғаныс министрлігінің өкілдері осы уақытқа дейін реформалардың қажеті жоқтығына табандап келгеніне назар аудартты. Дегенмен, биылғы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Turkistan" газетіне сұхбатында Қорғаныс министрлігін әскери бөлімдердегі тәрбие жұмысына тиісті көңіл бөлмегені үшін сынға алды.
Әскери қызметшілердің қаза болуына соқтыратын барлық құқық бұзушылықтар шартты түрде 2 санатқа бөлінеді: әскери қылмыстар және суицидтер.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (ҚСжАЕК БП) мәліметінше, Қазақстан әскери қылмыстардың саны бойынша рекордтық көрсеткіштерге шығыпты. Ең жоғарғы көрсеткіш өткен жылға тиесілі болды: 2025 жылы 273 қылмыстық іс қаралды.
2020 жылдан бастап олардың саны 153-тен 273-ке дейін, яғни, екі есеге жуық өсті. 2026 жылдың динамикасы одан да үрейлі: тек бірінші тоқсанның өзінде осындай 194 оқиға тіркелген. Басқаша айтқанда, небәрі 3 айдың ішінде бұл көрсеткіш 2020 жылғы (153) және 2021 жылғы (170) бір жылдық көрсеткіштерден асып түсті, деп қаперге салды агенттік.
Бұл қылмыстардың құрылымы да көп нәрсені аңғартады. 2025 жылы ең үлкен үлес – 35,2%-ы әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастың жарғылық ережелерін бұзуға тиесілі болды: 83 жағдай немесе бір жыл бұрынғыдан 66%-ға артық. "Билікті асыра пайдалану" (75 жағдай) және "қызметке салғырт қарау" (29) баптары бойынша қылмыстық әскери қылмыстардың саны да айтарлықтай өсті.
Көп іс сотқа жетпейді екен. 2025 жылы тек 80 әскери қылмыс бойынша (немесе жалпы санының 33,9%-ы) құжаттар сотқа жіберілген. Осы 80 қылмыстың тек 18-і ғана "әлімжеттікке" – армиядағы жарғыдан тыс қарым-қатынастарға қатысты болды.
Былтыр әскери қылмыс жасады деген күдікке 163 адам ілікті. 79 адам әлімжеттік жасады деп айыпталған. Олардың тек 18-і ғана (немесе 22,8%-ы) сотқа тартылып, тиісті жазасын алды. Қалған істер әртүрлі негіздер бойынша тоқтатылды.
Жалпы алғанда, 2020 жылдан бастап 2026 жылдың сәуір айының басына дейінгі кезеңде әскери қылмыстар кесірінен 1,4 мыңға жуық адам зардап шегіп, оның 47-сі қаза тапты. Тек ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 240 адам зардап шекті: бұл өткен жылдың толық көрсеткішінен де көп! 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құрбандар саны екі есе өсті.
Статистика ананың көз жасына айналмасын
Ауқымы бойынша қазақстандық казармалардағы трагедиялардың екінші себебі – суицидтер. 2020 жылдан бастап 89 әскери қызметші өз еркімен өмірмен қоштасты: бейбіт уақытта ел жыл сайын Отан алдындағы борышын өтеуді жалғастыру орнына асылып өлуді немесе өзін-өзі атып тастауды таңдайтын 20-ға жуық жас сарбазынан айырылады.
Депутаттардың дерегі бұдан да қорқынышты. Мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев "соңғы үш жылда армия 270 сарбазынан айырылды" деп мәлімдеді.
"Алматыда әскерге барғанына бір апта ғана болған азамат қаза тапты. Тағы бір азамат оқу-жаттығу жиындарында оққа ұшты. Бір солдат "жұмбақ жағдайда" опат болды. Әлеуметтік желіден көрдік, сол сарбаздың денесін үйіне апарғанда, анасы: "Баламды тауып бер!" деп әскери қызметкерлердің жағасынан алды. Бізге "әскерде тәрбиелік-идеологиялық жұмыстар күшейтілді" дейді. Бұл тәсілдерде түбегейлі жаңа ештеңе жоқ. Мұның бәрі бұрын да болған және оның армиядағы өзімбілемдікті жоймайтынына көз жеткіздік. Профилактиканың ескі әдістерінің сәтсіздікке ұшырағаны даусыз", – дейді депутат Сәрсенғалиев.
Армияға кезекті көркем есептер немесе тіпті жақсы жазылған жол картасы да қажет емес. Оған кезекті мырыш табыт келесі анаға жөнелтілмеуі үшін заңсыздық пен жарғыдан тыс қарым-қатынастардың тамырына балта шабатын түбегейлі басқа, тегеурінді тетіктер қажет.