Қазақстанда жоғары билік жүйесін жаңартатын заң жобасы ұсынылды.


Қазақстан Республикасының парламенті мәжілісі бірінші оқылымда "Қазақстан Республикасының президенті туралы" Конституциялық заң жобасын қарады.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында заң жобасы бойынша баяндама жасаған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев құжат 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Конституцияны іске асыру мақсатында әзірленгенін айтты.

Министрдің сөзінше, заң жобасы "Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" қағидатына негізделген мемлекеттік басқарудың заманауи әрі тұрақты моделін қалыптастыруға бағытталған.

Құжатта президенттің мәртебесі, өкілеттіктері мен қызмет тетіктері жүйелі түрде айқындалады. Сонымен қатар бұрын енгізілген демократиялық шектеулер сақталады. Атап айтқанда, президенттің бір рет қана жеті жылға сайлануы, мемлекет басшысының партия мүшесі болмауы және оның жақын туыстарына қатысты шектеулер өзгеріссіз қалады.

Сондай-ақ заң жобасында президенттің құрылтаймен, үкіметпен, Қазақстан Халық Кеңесімен және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимылының жаңа конституциялық тетіктері бекітіледі.

Құжаттағы басты жаңалықтардың бірі – Қазақстанда вице-президент институтын енгізу. Заң жобасына сәйкес, вице-президент құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Сонымен қатар кандидатқа қойылатын талаптар, өкілеттікті тоқтату негіздері және мемлекеттік билік органдары жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған функциялары нақты көрсетілген.


Оқи отырыңыз: "Әдейі ерте айтып отырмын". Тоқаев Құрылтай сайлауының мерзімін жариялады


Бұдан бөлек, заң жобасында президент актілеріне қатысты нормалар да қарастырылған. Оның ішінде Конституцияда белгіленген жағдайларда заң күші бар жарлықтар шығару мүмкіндігі көзделеді.

Министрдің айтуынша, Конституциялық заңды қабылдау президенттік институтты одан әрі жетілдіруге, мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға, саяси жаңғыртуды дамытуға және заң үстемдігі қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік береді.