«Орталық Азия – Оңтүстік Кавказ – Таяу Шығыс үштағанындағы қауіпсіздік, геосаясат және түркі интеграциясы». Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция осындай тақырып аясында ұйымдастырылды. Екі күнге созылған жиынға Әзербайжан, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Грузия, Ресей және Ұлыбританиядан келген ғалымдар, сарапшылар мен талдау орталықтарының өкілдері қатысты.
Халықаралық басқосу қазіргі геосаяси ахуалдағы Еуразия кеңістігінің маңызын, өңіраралық қауіпсіздік мәселелерін, түркі интеграциясының даму бағытын, сондай-ақ көлік-логистика дәліздерінің стратегиялық рөлін талқылауға арналды.
Ғылыми жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы, Аймақтық қатынастарды талдау орталығы және Халықаралық ғылымды дамыту орталығы ұйымдастырды. Конференция PhD, доцент міндетін атқарушы Әділбек Ермекбаев жетекшілік ететін «Қазақстанның ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету контексінде Халықаралық Транскаспий бағытын іске асырудағы сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» және «Түркі интеграциясын тереңдету: Қазақстан үшін перспективалар, геосаяси тәуекелдер мен қауіптер» ғылыми жобалары аясында жүзеге асырылды.
Конференция барысында Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Таяу Шығыс кеңістігіндегі қауіпсіздік архитектурасы, геосаяси өзгерістер, өңірлік интеграция, энергетика, көші-қон, су ресурстары, көлік дәліздері және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сарапшылар аталған өңірлердің бір-бірімен барған сайын тығыз байланысып келе жатқанын, сондықтан олардың біріндегі саяси немесе экономикалық өзгеріс тұтас Еуразия кеңістігіне әсер ететінін айтты.
Панельдік сессияларда өңірлік және өңірден тыс акторлардың сыртқы саяси басымдықтары, Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың көршілес аймақтарға ықпалы, Түркия саясатының өзгеруі, Үндістанның стратегиялық мүдделері және Қазақстанның Таяу Шығыс елдерімен қарым-қатынасындағы көпвекторлы ұстанымы қарастырылды. Қауіпсіздік тақырыбына арналған сессияда Пәкістан, Ауғанстан және Орталық Азия тоғысындағы трансұлттық қатерлер, терроризм, дәстүрлі емес қауіптер, су факторы, көші-қон үдерістері және аймақтық тұрақтылық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымының қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі мен жасанды интеллектінің жұмсақ күш құралы ретіндегі әлеуеті сөз болды.
Түркі интеграциясына арналған отырыста сарапшылар түркі әлемінің қазіргі даму бағытын, түркі аймақшылдығының келешегін, мәдени және білім беру қауіпсіздігін, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының саяси, гуманитарлық және сарапшылық байланыстарды нығайтудағы орнын талқылады. Қазақстан, Әзербайжан және Түркияның стратегиялық ұстанымдары мен жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы ықтимал тәуекелдер де назарға алынды.
Конференция қорытындысында қатысушылар Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Таяу Шығыс елдері арасындағы ғылыми және сарапшылық ынтымақтастықты кеңейту қажет екенін атап өтті. Бірлескен зерттеулер жүргізу, университетаралық байланыстарды дамыту және өңірлік қауіпсіздік пен интеграциялық үдерістер бойынша тұрақты академиялық диалог қалыптастыру маңызды бағыт ретінде айқындалды.