Түркістан облысында «Қауіпсіз ел» жобасы аясында қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық және рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Полиция қызметкерлері өңірдің барлық аудандарында күшейтілген режимде жұмыс істеп, жүргізушілер арасында түсіндіру және бақылау шараларын қатар атқаруда.

Сайрам ауданы аумағында өткізілген кезекті рейд барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жүргізушілерге жылдамдықты асырмау, қауіпсіздік белдігін тағу және жол ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

Шара нәтижесінде жалпы 450-ге жуық құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде:

- көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу – 74 дерек,

- жылдамдықты шамадан тыс асыру – 31 дерек,

- көлікті заңсыз қайта жабдықтау – 12 дерек,

- техникалық және пайдалану талаптарын бұзу – 21 дерек,

- тиісті құжаттарсыз көлік басқару – 12 дерек тіркелді.

Мәселен, Ақсукент ауылы аумағында «ВАЗ-2107» маркалы автокөлік заңсыз қайта жабдықталғаны анықталып, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлік айыптұрағына қойылды. Полиция өкілдері мұндай әрекеттердің жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін атап өтті.

Облыс көлемінде жүргізілген кең ауқымды профилактикалық іс-шаралар барысында соңғы үш тәулік ішінде 5089 құқықбұзушылық тіркеліп, тиісті шаралар қабылданды. Нәтижесінде 384 автокөлік айыптұраққа қойылды.

Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда:

- мас күйінде көлік басқару – 5 дерек,

- қарсы қозғалыс жолағына шығу – 13 дерек,

- көлік жүргізу кезінде телефон қолдану – 301 дерек,

- жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару – 95 дерек,

- бұрын көлік басқару құқығынан айырылғандардың рульге отыруы – 4 дерек анықталды.

Мысалы, Сарыағаш қаласында патрульдік полиция «Toyota Corolla» автокөлігін тоқтатқан кезде, жүргізушінің 2025 жылы мас күйінде көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан қайтадан рульге отырғаны белгілі болды. Бұл дерек бойынша материалдар сотқа жолданды.

Ал Төлеби ауданында «HYUNDAI» автокөлігін тексеру барысында салонынан газ тапаншасы табылып, тәркіленді. Қару иесі сақтау ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Түркістан облысының полиция департаменті мұндай жағдайлар жол қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіретінін ескертіп, жүргізушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Өңірде жол қозғалысын бақылауда заманауи бейнебақылау жүйелері мен «Қорғау» бағдарламасының мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда. Соның нәтижесінде әкімшілік айыппұлдары бар көліктер автоматты түрде анықталуда.

Мәселен, Қазығұрт ауданында бейнекамера арқылы тіркелген «Hyundai Elantra» автокөлігі тоқтатылып, иесінің жалпы 432 000 теңге көлемінде берешегі бары анықталды. Бұл қарыз бірнеше рет жылдамдықты асыру және жолда ұялы телефон қолдану сияқты құқықбұзушылықтардан жиналған.

Автокөлік айыптұраққа қойылып, иесіне заң аясында шара қолданылды. Сондай-ақ «Қорғау» жүйесі арқылы тағы бір «Kia» көлігі анықталып, оның 50 000 теңгеге жуық айыппұлы бар екені белгілі болды. Жүргізуші түсіндіру жұмыстарынан кейін берешегін толық өтеді.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларға қатаң ескерту жасайды: жылдамдықты арттыру, қарсы жолаққа шығу, мас күйінде көлік басқару және телефон қолдану – адам өміріне тікелей қауіп төндіреді. Мұндай әрекеттер ауыр жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін.

Сондықтан тәртіп сақшылары профилактикалық жұмыстардың жалғаса беретінін, ал әрбір құқықбұзушылық заң аясында қатаң қаралатынын ескертеді. Жолдағы қауіпсіздік – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі екені тағы да назарға алынды.

Түркістан облысында жол қауіпсіздігін арттыру және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытында жүргізіліп жатқан кешенді шаралар өз нәтижесін беруде. Бейнебақылау жүйелерін кеңінен енгізу, рейдтік жұмыстарды күшейту және профилактикалық түсіндіру шаралары өңірде заң бұзушылықтарды азайтуға және қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етуде.