Жемқорлықтың соңы жақсылыққа апармайды. Арам жолмен тапқан ақшаңды алып, шетел асып кетсең де, тыныш өмір сүре алмайсың. Одан гөрі өз жеріңнің гүлденуіне үлес қосып , адал еңбек ет. Көрерменге ұсынылған «Арал: Ұмытылмас саяхат» кинокомедиясы осы ойды қозғайды. Картинаны түсірген Tiger Films продюсерлік компаниясы. Фильмнің тұсаукесері Алматыдағы Aport East ойын-сауық орталығында орналасқан HALYK IMAX Kinopark 16-да өтті.
Фильмнің сюжеті бойынша Жомарт мен Кәмилә ақша жымқырды деп айыпталады. Олар өздерінің бұл іске мүлдем қатысы жоқ екенін дәлелдемек болады. Шындап келгенде, қитұрқы әрекеттің бәрі құрылыс компаниясының бұрынғы директорының ісі еді. Сөйтіп, екі жас өздерін ақтап алу үшін Таиландқа қашып кеткен бастығын іздеп барады. Картинада басты рольдің бірін актёр Сафуан Рысбайұлы ойнайды.
Сафуан Рысбайұлы, актёр:
- Бәрібір шеттің аты шет. Өзінің еліндей болмайды. Жеріндей болмайды. Дәм-тұзы да бөлек. Әні бөлек, ауасы да бөлек. Аурасы бөлек. Сондықтан артынан іздеп келген қыз бен жігіттің арқасында тәубасына келіп, еліне оралады.
Картина шытырман оқиғаға толы. Оның үстіне экзотикалық аралда түсіріледі. Кейіпкерлер бірде улы жәндіктермен кезіксе, енді бірде қарақшыларға тап болады.
Мерей Маханов, фильмнің режиссёрі:
- Айтар ойы бар. Өте қызықты фильм. Тек қана комедия емес, бұл жерде қазіргі таңда болып жатқан әлеуметтік жағдайларды да қозғайды.
Картинаның тұсаукесеріне Куликов кондитерлік үйі дәмді торт әзірледі. Фильмнің афишасындағы кейіпкерлер мен Таиланд табиғатын осы тәттіден көруге болады.
Ксения Беккер, Kulikov кондитерлік үйі маркетинг бөлімінің басшысы:
- Біздің кондитерлер отандық киноиндустрияны қолдайды. Құрметімізді осылай білдіргіміз келді. Фильмнің тақырыбына сай пальма, ақша толы чемодан, кейіпкерлер – бәрін айнытпай келтірдік.
Еске сала кетейік, Tiger Films продюсерлік компаниясы 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күнге дейін оның қоржынында 49 картина бар. Ал «Арал: Ұмытылмас саяхат» бүгіннен бастап үлкен экранға шықты.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев