Қаралы хабарды ақын Маралтай Райымбекұлы әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
"Ақ туың жығылды ғой, Алашым-оу!", — деп жазды Маралтай Райымбекұлы.
Асанәлі Әшімұлы Әшімов — кеңестік және қазақстандық кино мен театр өнерінің көрнекті өкілі, актёрлік шеберлігімен ғана емес, режиссёрлік, педагогикалық еңбегімен де ел мәдениетінде айрықша орны бар тұлға. Ол 1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген.
Өнер иесінің шығармашылық жолы қазақ театры мен киносының дамуына тікелей ықпал етті. Асанәлі Әшімов ұзақ жылдар бойы сахнада да, экранда да сан қырлы образдар жасап, көрермен ықыласына бөленді. Оның актёрлік мектебі — шынайылық пен терең психологиялық талдауға негізделген ерекше құбылыс. Сонымен қатар ол кино және театр режиссёрі ретінде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.
Асанәлі Әшімов — театр педагогы, профессор. Ол жас буынға өнердің қыр-сырын үйретіп, актёрлік дәстүрдің үзілмей жалғасуына еңбек сіңірді. Қазіргі таңда ол Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті әрі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі ретінде ұлттық театрдың бағытын айқындауға атсалысып келеді.
Өнердегі еңбегі жоғары бағаланған Әшімовке 1976 жылы «Қазақ КСР халық әртісі», ал 1980 жылы «КСРО халық әртісі» атағы берілді. Сондай-ақ ол Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының (1973) және КСРО мемлекеттік сыйлығының (1974) лауреаты атанды. 2017 жылы Асанәлі Әшімовке елдің ең жоғары марапаттарының бірі — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы тапсырылды
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында: М. Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ. Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М. Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И. Вовнянконың «Апатында» бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актёрдің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр. Ал, А. Әшімовтің қара шаңырақ сахнасындағы соңғы күрделі жұмысы Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен. және т.б көптеген бейнелерді сомдады. Қазаққа "Қыз Жібек" фильміндегі "Бекежан" рөлімен кеңінен танылды.
.