Бүгінде еліміздің автомобиль өнеркәсібі қарқынды дамып, ел экономикасының маңызды салаларының біріне айналды. Саланың тұрақты дамуына мемлекеттік қолдау, инвестиция тарту, өндірістік инфрақұрылым құру, шетелдік компаниялар- мен әріптестік орната отырып, жаңа технология­ларды енгізуге ықпал етті. Ресми деректер бойынша, биылғы 9 ай ішінде елімізде 109 223 техника өндірілген.


Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары елімізде автокөлік өнеркәсібі әлсіз дамыды. Дайын машина шыға­ратын зауыттар болмады. Авто­көліктер негізінен шетелден әкелінді, ал отандық өндіріс сұра­нысты қамтамасыз ете алмады.

2000-жылдардың басынан бас­тап, Қазақстанда автомобиль өнер­кәсібі жүйелі түрде дами бас­тады. 2003 жылы елімізде алғаш­қы отандық автомобиль құрас­тырылды. Осы кезеңнен бастап мем­лекет саланы жан-жақты дамыту іс-шараларын қолға алды. 2010 жылдан бері қарай автомобиль өнеркәсібі жан­данды. Бірнеше ірі зауыт іске қосылып, жеңіл және коммерциялық көліктер шығарыла бастады. Нәтижесінде, өндіріс көлемі еселеп артты, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды, отандық автомобильдердің ішкі нарықтағы үлесі өсті.

Мәселен, 2010 жылғы мамырда іске қосылған «Аллюр» зауыты бүгінде еліміздегі ең ірі автоөндіріс орнына айналды. 3 500 адам еңбек ететін алпауыт кәсіпорын 15 жыл­дың ішінде 500 мыңға жуық автомобиль өндірді. Зауыт бүгінгі таңда «JAC», «Chevrolet», «Kia», «Jetour», «Skoda», «Hongqi» автомобильдерін жасап шығарады. Кәсіпорынның жыл санап өндірісі кеңейіп, әлеуеті артып келеді. Мәсе­лен, «Аллюр» 2019 жылы 26 мыңға жуық автокөлік құрастырып шығарса, бұл көрсеткіш 2020 жылы 40 мыңнан асты. Ал 2021 жылы автозауыт 60 мыңнан астам көлік құрастырып шығарады.

2024 жылы зауытта бірқатар ірі жобалар іске асырылды. «Chevrolet» көліктерінің қатарына «Оnix» қосылды. Аталған жобаға 33,7 миллиард теңге инвестиция салынып, қосымша 400 жұмыс орны пайда болды. Қостанай автозауытының ішкі нарықтағы үлесі бүгінде 60 пайыздан асып отыр.

«Аллюрдың» сыртында, Қос­танайда қазан айында «Kia Qazaqstan» зауыты іске қосылды. Отан­дық автоөнеркәсіптің дамуы­на тың серпін қосқан айтулы кәсіпорын­ның ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы қатысып, өткен жылы машина жасау саласына 290 млрд теңгеден астам инвестиция тартылғанын айтты. «Ал биыл жыл басынан бері осы салаға 178 млрд теңге қаражат салынды. Ауқымды іс-шаралардың нәтижесінде бұл бағытта бірқатар табысқа қол жеткіздік. Өткен жылы елімізде 145 мыңнан астам көлік шығарылды», деді Президент.

«Kia Qazaqstan» зауытына са­лынған инвестиция көлемі – 131,5 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 70 мың көлік өндіретін болады. Өнім­дері ел көлемінде, одан тыс Орталық Азия, ЕАЭО елдеріне сатылады.

Зауыттың бас директоры Ким Де Кидің айтуынша, келешекте бірте-бірте жергілікті өнімнің үлесі арта түседі. Корпорация Қостанайдың төл өндірісін дамыту мақсатында Кореядан арнайы автокомпонент өндірушілерді алдыртқан. Мұның сыртында өндіріске «Glovis» логистикалық компаниясын тартып отыр.

«Біздің корпорация Қостанайда өз тарихының жаңа бір белесін бастады. Тың технологиямен жұ­мыс істейтін мүмкіндіктер мен тәжірибеге ие 1500-ден астам адамнан тұратын қуатты команда құрып жатырмыз. Біздің корпорацияда жұмысшыларды Кореядағы «Kia» зауыттарына тағылымдамаға жіберу арқылы мамандарды дамыту жүйесі қалыптасқан. Мұндағы жұмысшылар тікелей «Кiа» мамандарынан тәжірибе алып, жоғары технологиялық үдерістерді меңгеретін болады. «Kia» штаб-пәтері өз тарапынан тәжірибе алмасу және қызметкерлердің білік­тілігін арттыру үшін көптеген инженерді Қостанайдағы зауытқа жіберіп отырады. Алдағы уақыта Қостанай облы­сының әкім­дігі Индустриялық аймақ­­та автоко­мпонент өндірісін дамытатын локализациялық орталық ашуға дайындалып жатыр. Мұндай ауқымды жобадан «Kia» корпорациясы да шет қалмайды. Біз Корей елінен көптеген авто­компонент өндірушілерді шақырып, осы жерде өз өндірісімізді ашамыз. Бұл жерде шыққан өнімдер «Kia Qazaqstan» зауытына жөнелтілетін болады. Біз қажетті өндірістік деңгейге жету мақсатында және Қазақстанда автокомпоненттер өндірісін қолға алып, локализацияны дамыту бағы­­­тында ел заңнамасына сәйкес барлық автоөндірушілермен үйлесімді әріптестік қарым-қатынас орнатуды жоспарлап отырмыз. Өндірісті «Sorento» моделінен бастамақпыз. Ал келесі жылдың қаңтар айынан жаңа «Sportage» моделін шығара бастаймыз. 2026 жылы тағы бір жаңа автокөлік моделін шығару жоспарда бар», дейді Ким Де Ки.

Еркебұлан Алданыш – зауыт­тың дәнекерлеу цехында аға дәнекерлеуші. Цехта бір ауысымда 125 адам жұмыс істейді.

«Екі ауысымдық жұмыс режі­мін­де жы­лына 50 мың шанақ құрас­тыра­мыз. Яғни сағатына шамамен 16 шанақ жасап шығарамыз. Ал кә­сіпорын толық өндіріс­тік қуаты­на көшкен соң, бұл меже 70 мыңға дейін артады. Цехтағы өндірістік желі­лердің 58%-ы автомат­тан­ды­рыл­ған. 41 дәнекерлеу роботы жұмыс істеп тұр. Жалпы, негізгі желілердің 96 пайызы автоматты режімде жұмыс істейді. Роботтар шанақтың қаңқасы мен негізгі сүйектерін дәнекерлейді. Ал қол жұмысын қажет ететін желі­лерде біздің мамандар шанақтың орталық, артқы бөлігін, алдыңғы, артқы еденін, сол жақ және оң жақ доңғалақ белдемесі сияқты қосал­қы тораптарды дәнекерлейді. Дәне­керлеушілердің жұмысынан кейін шанақ бояу цехына кіреді», дейді бас дәнекерлеуші.

Алдағы жылдары өңірде авто­мобиль саласын одан әрі дамыту көз­деліп отыр. Өндіріс көлемін ұлғ­ай­ту және жаңа модельдерді шыға­ру, электрлі және эко­логиялық таза көліктерді өндіруді жолға қою, өндірістің жергілікті үле­сін арт­тыру, экспорт географиясын кеңей­ту, инновациялық және цифрлық тех­но­логияларды енгізу тәрізді қат-қабат мін­дет­тер тұр. Мамандар аталған мін­дет­тер­ді іске асыру саланың ұзақ­мер­зімді әрі тұрақты дамуын қамтамасыз етеді деп отыр.

Қостанай облысы