Әлем көз ілеспес жылдамдықпен дами бастады. Технологияның тез жетілгені сонша, оның салмағына шыдас беру қиын болып бара жатыр. Бір жағынан энергия жетіспеушілік, екінші тұста кибершабуылдар секілді мәселелер бар. Бірақ бұған қарап ғылыми техникалық революция тоқтап қалмайды.
Алда болашақтың кепілі һәм қаруы – әлемдік деректер қоры 121 зеттабайтқа жетуі мүмкін. Деректер қорын неге қару іспетті дедік? Өйткені саясаткерлер, сарапшылар, технология алпауыттары болашақта кім дерекке көп ие болса, әлем соның қолында деп ескерткен. Сол деректер қорының көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 27 зеттабайтқа көбейген. Бұл ғаламтор арқылы жолданған кез келген хабарлама, мәліметтер көрсеткіші. Әрі ол әр секунд сайын жылдам өзгереді. Бұл қоғамға пайдалы ма әлде қауіпті ме?
Деректер цифрлы әлемде өте құнды. Қазір кез келген қызмет, қаншама сала онлайн қызметке көшіп жатыр ғой, демек қауіп те артады деген сөз.
Әлемдік деректер көлемі артты
Ғаламтордағы, әлеуметтік желілердегі кез келген әрекетіңіз өзіңізден басқаларға құнды дерек. Оны жақсы білетін алпауыт компаниялар, әр деректі өңдеп, талдап, сақтап, өз өнімін өткізіп отыр. Өйткені бұл сатушы мен тұтынушы арасындағы көрінбейтін байланыс іспетті. Аты-жөні, мекенжайы, жынысы, жасы, қаражат туралы мәліметтер, іздеген, қызыққан дүниелер – осының барлығы қазіргі заманда кәсіпкерлер үшін маңызды дерекке айналып отыр. Мәселен, 60 секундта 241 миллион хабарлама жіберіледі. Кибералаяқтардың аңдығаны осы. Өйткені олар үшін әр дерек олжамен пара-пар. Алдағы 5 жылда интернет қолданушыларының саны 7,5 миллиардқа жетуі мүмкін. Бұл ретте қауіпсіздік ережелерін де қатар меңгеру маңызды.
«Ауқымды деректерді телекоммуникация, қаржылық қызметтер және денсаулық сақтау салалары пайдаланады. Биыл жыл соңына қарай үлкен деректер нарығының көлемі 396,4 миллиард АҚШ долларына, ал перифериялық есептеу нарығының көлемі 274 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін».
Дереккөз: Cybersecurity Ventures
Дерек өңдеуші маманға сұраныс жоғары
Деректер саны артқан сайын, оны өңдейтін мамандарға да сұраныс жоғары. Ай сайын мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Тіпті 2032 жылға дейін дерек өңдеушілерді жұмыспен қамту 35% артуы мүмкін. Бұл басқа мамандықтармен салыстарғанда әлдеқайда көп. Кейінгі жылдары IT саласына бет бұрушылардың қарасы көбейгені де содан. Өйткені салада табыс жоғары. Мәселен, дерек өңдейтін маман жылына 103 500 доллар табады. Бұл теңгемен 53 миллиондай. Алпауыт компаниялардың өзі бұл салаға қыруар қаражат бөліп отыр. Өйткені саладағы замануаи артықшылықтар кәсіп пен қызметке пайда әкеледі. Соның арқасында шығындарды азайтуға болады. Мәселен, бір ғана денсаулық сақтау саласы, деректерді ұтымды пайдаланудың арқасында жылына 493 миллиард доллар үнемдейді.
Әлемде жүзден астам «ақылды» қала бар
Технология дамыған сайын еңбек нарығына әсер ететіні сөзсіз. Интернетке қосылған құрылғы саны көбейсе, жұмыс орындары азая береді. Мәселен, заттар интернеті жүйесі техникалық қызмет көрсететін, жөндеумен айналысатын, жасақтама орнататын мамандардың орнын басып жатыр. Биыл 19,08 млрд құрылғы осы технологияға қосылады деп болжам жасалған. Бұл құрылғылар туралы айтса, әдетте ақылды үйлер еске түседі. Адамдар үйде жарықты қосып-сөндіріп, виртуалды көмекшіге шаруа тапсырып қоя алады. Онлайн сауда жасайды. Десе де заттар интернеті – кибершабуылшыларға оңай олжа. Олар құрылғыларды қашықта отырып-ақ бұза алады. Түрлі базадан ақпараттарды ұрлап, фишинг шабуыл жасап, бұзған құрылғыларына вирус кіргізіп, тіпті диверсия жасайтындары да бар.
Қазір әлемде 100-ден астам ақылды қала бой көтерген. Алдағы 5 жылда көрсеткіш 800-ге дейін жетуі мүмкін. Бұл да деректер санының артуына әсер етеді.