Алматыда шашыраңқы склерозға қарсы VII халықаралық түркі конгресі өтті. Невропатологтер қауымдастығы мен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ұйытқы болған жиынға түркітілдес елдердің невропатологтер қауымдастықтары да мүдделестік танытты. Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, басқа да түркітілдес елдердің 300-дей жетекші дәрігерінің басын қосқан ғылыми форумға онлайн форматта бес мыңға жуық адам қатысты.

Біз көбіне склерозды ұмыт­шақтықпен байланыстыратынымыз рас. Шындап келгенде, шашыраңқы склероз деген дерттің адамның есте сақтау қабілетіне қатысы жоқ екендігін бүгінгі медицина дәлелдеп болды. Бірақ оның белгілері басқа аурулардың да белгілеріне ұқсастығы соншалықты, білікті мамандардың өзі де аталған дертті бірден анықтап, диагнозын қоя алмайды.

Жалпы, шашыраңқы склероздың медицинаны шатастыратын тұсы көп. Ең қызығы, ерте замандарда бұл аурудың біздің ата-бабамызға қатысы жоқ, солтүстік алаптарды мекендейтін Еуропа нәсілді халықтардың қанындағы кесел деген түсінік болған. Алайда қазіргі невролог-дәрігерлерге осы дертпен жүгініп жүр­гендердің ішінде қандастарымыз да жетерлік. Оған қоса елімізде бұл ауру­дың аймақтық, географиялық таралу ерекшеліктері де бар. Мысалы, шашыраңқы склерозға Солтүстік Қазақ­станның тұрғындары жиірек шалдығады. Ал оңтүстік аймақтарда бұл аурудың бұрын «азиялық түрі» деп есептелген, көру жүйкесі мен жұлынды зақымдайтын аутоиммундық аурулар тобындағы опти­калық нейромиелит спектрі (ОНМ спектрі) жиі анықталады. Бірақ қазір оның да бөлек аутоиммундық ауру екені дәлелденген.

р

Василий БРЮХОВ

Елімізде осы кеселдердің клиникалық хаттамалары үш жыл бұрын қабылданған, соның арқасында диагностика сапасы жақсарып келеді. Ең бастысы, шашыраңқы склероздың қазіргі ахуалын өзгерте алатын дәрі-дәрмектер пайда болды.

Кәдімгі ұмытшақтыққа қатысы жоқ, иммундық жүйе, ми мен жұлын тіндеріне шабуылдайтын осынау қауіпті аутоиммунды дерт адамның өз бетінше жүріп-тұруы, ақыл-есі, зердесі, эмоциялық күйі мен көру қабілетінен айырады. Егер оны емдеуді ерте бастамаса, ол жылдам асқынып, мүгедектікке душар етуі әбден мүмкін. Мәселен, бұрын осы кеселге шалдыққандар бастапқыда балдаққа сүйеніп, қабырғаға таянып жүруге, асқына келе мүгедектік арбасына таңылуға мәжбүр болса, қазіргі медицина адамның өз бетінше жүріп-тұруы, өз тірлігін өзі атқару қабілетін кемі он шақты жылға ұзарта алады.

Заманауи медицина бұл кеселдің қалай пайда болатынын былайша түсін­діреді. Адам ағзасындағы миелин деп аталатын зат орталық жүйке жүйесіндегі жүйке талшықтарын қорғайды. Ол ми мен дененің басқа бөліктері арасындағы хабарлардың, байланыстың жылдам да біркелкі берілуіне, таралуына көмектеседі. Шашыраңқы склероз кезінде әдетте ағзаны инфекциялардан қорғайтын иммундық жүйе миелинді бөтен зат деп есептеп, оған шабуылдай бастайды. Ғалымдар иммундық жүйенің миелинге не себепті «өшігетінін» әлі де нақты білмейді, бірақ бұл генетикалық факторлар мен қоршаған ортаның зиянды ықпалының бірігуінен болады деген де пайым бар.

аа

Халюк ГЮМЮШ

ДСҰ мәліметтеріне жүгінсек, әлемде шамамен 1,8 миллион адам шашы­раңқы склерозға шалдыққан. Бұл диаг­ноз әр 5 минут сайын бір адамнан анық­талатындықтан, уақыт өте келе оған душар болғандардың саны 3,5 миллионға дейін жетіп жығылуы мүмкін. Ауру 20–40 жас аралығындағыларда жиі кездеседі, олардың 70%-ы – қыз-келіншектер. Шашыраңқы склерозды әйелдердің кеселі деп есептейтіндігі де осы. Альцгеймер ауруы да әсіресе әйел адамдардың арасында көп. Мысалы, елімізде қазірде 3885 науқас ресми тіркелген болса, оның 2527-сі – әйелдер. Жаңадан анықталған 644 жағдайда, оның да басым бөлігі, яғни 463-і – қыз-келіншектер. Диспансерлік бақылауда 18 жастан асқан 2894 ересек пациент тұр.

«Үш жыл бұрын елімізде осы аурудың клиникалық хаттамалары қабыл­дан­ды. Шашыраңқы склероздың жағ­дайын өзгертетін жаңа буын препараттары пайда болды. Олардың кей­біреулері Тегін медициналық көмек, Міндетті медициналық сақтандыру мемлекеттік қорында бар, ең қымбаттары қайы­рымдылық қорлары арқылы келеді. Қанша дегенмен бұл ауруды емдеу барысында үлкен жетістікке қол жет­кізілді. Өткен ғасырларда склероздың соңы ауыр мүгедектікке душар етсе, бүгінде жетілдірілген емдеу әдістері, ерте диагностиканың арқасында оны бақылауға болады. Ем-дом жүргізудегі негізгі мақсат – ремиссияға қол жеткізіп, соны сақтау. Заманауи медицина бұл кезеңді айтарлықтай ұзартып, өршу жиілігін азайтып, сол арқылы мүгедектер санын кемітуге мүмкіндік береді», дейді Денсаулық сақтау министрлігінің бас нев­ропатологі, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулары кафедрасының меңге­рушісі Сәуле Тұрыспекова.

а

Сәуле Тұрыспекова

Түркітілдес елдердің шашыраңқы склероз жөніндегі конгресінде өте күрделі де қиын симптоматикалық жағдайларды емдеуге ерекше назар ауда­рылды. Мамандар аталған дерттің белгілерін өзге де кеселдермен шатастыру ықтималдығын жоққа шығармайтынына тоқталды. Мысалы, мұның ең классикалық көрінісі – көздің бұлдырауы. Мұндай жағдайда науқастар әлбетте, алдымен офтальмологке жүгінеді. Дәрігер де мұны көру жүйкесінің невропатиясы ретінде қабылдап, шашыранды склероздың белгісі бар екендігін аңғара бермейді. Сол сияқты шашыраңқы склероздың белгілері басқадай да құбылуы мүмкін. Атап айтқанда, аяқтардың әлсіреп, ауыр­сынуы, жансыздануы, ұйыуы, кіші дәретке отырудың қиындауы сияқты болып келеді. Бірақ біраз уақыттан кейін бұл белгілер де басылып, науқаста ремиссия кезеңі басталады, есесіне араға уақыт салып барып жаңа симптомдар пайда болады. Дәрігерлер де, әсіресе науқастың өзі де уақыт жағынан алшақ екі эпизодтың бір ғана аурудың көрінісі екенін әрдайым байланыстыра алмайды.

Невропатолог мамандар аурудың бастапқы кезеңінде денсаулықты қал­пына келтіруге болатынын айтады. Өйт­кені орталық немесе шеткері жүйке талшықтары электр сымын орайтын изолента сияқты миелин қабықшасымен қапталған. Ол зақымданса да, біраз уақытқа дейін өздігінше қалпына келе алады. Алайда уақыт өте келе бұл қабілетінен айырылып, жүйке талшықтары толық жала­ңаштанып қалады.

Конгресте неврологияның бір-бірімен байланысты салаларындағы жетекші мамандар шашыраңқы склерозды диаг­ностикалау мен емдеудің соңғы әдіс­тері, симптоматикалық терапияның ерек­шеліктері жөнінде пікір алмасты. Жүйке жүйесінің демиелинизациялық ауруларын диагностикалаудағы инновациялар, симптоматикалық терапияның заманауи тәсілдері, оңалту мен пациенттерді күтудегі пәнаралық шешімдер басты тақырыпқа айналды.

АЛМАТЫ