Қытайдан келетін арзан киім қауіп пе, әлде отандық өндіріс үшін мүмкіндік пе?

Алматы базарында 1500 теңгеге жейде сатып алуға болады. Кәдімгі тұрмыстық жағдай сияқты көрінгенімен, бұл сұрақ бүгінде бүкіл ел экономикасына әсер етіп отыр. Себебі тұтынушы арзан киім арқылы үнемдейді, ал отандық фабрикалар үшін ауыр сынақ. Қытайдың арзан тауарлары еліміздің дүкен сөрелерін толтырып, отандық брендтерді ығыстырып барады. Осы ретте орынды сұрақ туындайды. Қытай Қазақстанның тігін саласын тұншықтыра ма, әлде оята ма? Caravan.kz медиа порталының тілшісі сарапшының пікіріне сүйеніп, тақырыпты жалғастырады.

Қытай феномені

Қытай жеңіл өнеркәсіптің әлемдік алыбына айналғалы қашан. Елдің мұндай табысы бірнеше факторға негізделген. Арзан жұмыс күші, мемлекеттік қолдау, дамыған логистика және жаһандық жеткізу тізбектеріне сәтті интеграция әсер етті.

Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, Қытайдың басты артықшылығы өндіріс көлемінің ауқымында жатыр.

«Миллиондаған өнім өндірілетін жерде өзіндік құны да өте төмен болады. Қытай тек киім тікпейді, ол мақтадан дайын бұйымға дейінгі бүкіл тізбекті басқарады. Мұндай жүйемен шағын көлемде жұмыс істейтін кәсіпорындар тең дәрежеде бәсекелесе алмайды», – дейді сарапшы.

Демек, Қазақстан нарығына келіп жатқан арзан киім жай ғана «қытай тауары» емес, ондаған жылдар бойы қалыптасқан алып жүйенің өнімі.

Жергілікті фабрикаларға төнген қауіп

Қазақстандағы тігін кәсіпорындары көбіне шағын партиялармен жұмыс істейді, ал матаны шетелден, валютаға сатып алады. Мұндай жағдайда Қытайдың жаппай өндірісімен бәсекелесу қиын. Бүгінде отандық фабрикалар екі негізгі қиындыққа тап болып отыр дейді сарапшы.

Біріншіден, баға қысымы. Қытайдың қарапайым жейдесі Алматыда тігу өзіндік құнынан да арзан.

Екіншіден, жұмыс орындарының қысқаруы. Нарықтағы сұраныс азайған сайын кәсіпорындар қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болады.

Руслан Сұлтанов бұл жағдайды Дүниежүзілік сауда ұйымының тәжірибесімен байланыстырады.

«Сауданы ырықтандыру экономиканың жалпы дамуына тиімді. Бірақ оның салдарынан белгілі бір топтар, біздің жағдайда тігіншілер мен жергілікті кәсіпкерлер нақты шығын көреді», – дейді ол.

Вьетнам тәжірибесі: бәсекеден мүмкіндік жасау

Вьетнам да кезінде Қытаймен бәсекеге түскен. Қиындыққа қарамастан, нарықтарын жаппай, керісінше интеграция жолын таңдады. Ел шетелдік инвестицияларды тартып, жаһандық жеткізу тізбектеріне кірді.

Бүгінде вьетнамдық фабрикалар Nike, Adidas, Zara сынды әлемдік брендтерге киім тігеді. Осы арқылы ел миллиондаған жұмыс орнын ашып, әлемдегі ең ірі киім экспорттаушыларының біріне айналып отыр.

Бұл жетістік арнайы экономикалық аймақтар, инвесторларға берілген салықтық жеңілдіктер, тиімді логистика және білікті кадрлар дайындау арқасында мүмкін болды.

Қазақстан қай жолды таңдайды?

Қазақстанның жағдайы екіұшты. Бір жағынан, Қытайдан келетін арзан импорт шағын фабрикаларды шынымен қыспаққа алды. Гуанчжоудағы дайын партияны сатып алу, өзің тіктіргеннен арзанырақ.

Десе де, дәл осы жағдай дамуға түрткі бола алады. Экономист Сұлтановтың пікірінше, Қазақстан өз өндірісін сақтау үшін артықшылықтарға ие тар салаларды іздеуі қажет.

«Қытаймен бағада жарысу мүмкін емес. Бірақ біз жылдамдықта, ерекше дизайнда және ұлттық нақышта ұта аламыз. Жергілікті брендтер қысқа партиялар шығарып, сұранысқа жедел бейімделуі тиіс», – дейді экономист.

Мүмкіндігі ашық бағыттар

Экономист мүмкіндігі бар бағыттарды тізіп шықты.

-Шағын партиялар мен даралық. Қытай жаппай өндірісте мықты, бірақ жергілікті дизайн мен ерекше стильде әлсіз. Қазақстан осы бағытта өз орнын таба алады.

-Жергілікті сұранысқа жедел жауап. Қытайдан жеткізуге апталар кетеді, ал қазақстандық өндіруші тұтынушы сұранысына бірнеше күнде бейімделе алады.

-Мемлекеттік тапсырыстар. Мектеп формасы, әскери және полиция киімі. Бұны Қытай нарығы жаба алмайды.

Мысалы, джинсы алайық. Қытайда көтерме бағасы – 8–10 доллар. Қазақстанда өзіндік құны – 12–15 доллар. Егер бренд ерекше дизайн, сапалы фурнитура және ұлттық элементтер қоссa, ол өнімді қымбатырақ бағада сата алады. Яғни, жаппай стандартқа қарсы даралық жолы.

«Арзан киімнің пайдасы» туралы миф

Арзан киім көбіне тиімді көрінеді. Бірақ оның «жасырын бағасы» бар. Қытайдан келген жейде қазақстандық фабрикадағы қысқартылған жұмыс орнын, азайған салықты немесе жоғалған табысты білдіруі мүмкін. 1000 теңге үнемдеу ел үшін бүтін бір цехтың жабылуына тең болуы ықтимал.

«Біз арзан болса, тиімді деп ойлаймыз. Бірақ экономика бұлай жұмыс істемейді. Өз өндірісіміз жойылса, біз тек жұмыс орындарын емес, сонымен бірге отандық брендтер мен өндіріс мәдениетін де жоғалтамыз», – дейді Руслан Сұлтанов.

Қорытындылай келе, сарапшы Қытайдың арзан киімін қауіпке де, мүмкіндікке де теңеп отыр. Қауіп баға мен сапада артықшылығы жоқ жаппай өнім шығаратындарға болса, ал өз бағытын табуға, ұлттық нақышты, жедел өндірісті және тапсырысқа бейімделген дизайнды дамытуға дайын кәсіпорындарға таптырмас мүмкіндік.

«Сондықтан, еліміз таңдау алдында тұр. Біз нарыңымызды арзан шетелдік өндіріске ашып береміз бе, әлде жаһандық өндіріс тізбегінің бір бөлігіне айналып, өз келбетімізді сақтаймыз ба?», — деп түйіндеді сарапшы.