Шымкентте бұрынғы қоқыс полигонының орнын көгалдандыру мақсатында көшеттер егіледі.

Қазір дайындық жүріп жатыр. Осылайша қаланың жасыл белдеуі 45 гектарға ұлғаяды. Жоспар бойынша биыл негізгі жұмыстар аяқталады.

Бұрынғы қоқыс полигонының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында зиянды қалдықтар залалсыздандырылды. Үстіне 1 млн текше метрден астам таза топырақ төселіп, жер бедері тегістелді. Аумақты абаттандыру үшін автоматты суару жүйесі жүргізілді.

Мәлік Сұлтан, мердігер компания өкілі:

- 120 метр тереңдіктер су шықты. Жоспар бойынша 11 скважина. Қазір 7 ұңғыманы бітірдік. Жұмысқа біз жазда кірістік шілде айында. Ешқандай қиындықтар жоқ. Осы қазан айында жоспар бойынша бітіреміз.

45 гектар жерді жасыл алқапқа айналдыру үшін ауқымды жоспар құрылды. Жер игеру талаптарына сәйкес 7 мыңға жуық қарағаш, емен, жиде, алма, үйеңкі мен шаған тұқымдастырының көшетін егу жоспарланды. Салаға жауаптылардың мәліметінше, демалушыларға жайлы орта жасау үшін су айдыны салынып, субұрқақтар тұрғызылады. Қазір құрылыстың негізгі кезеңі аяқталды.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

- Қаламыздағы ең бір көрікті орын болады деп отырмыз. Мұның ішінде ойын алаңшасы, жүгіру жолдары да болады. Балалардың ойнайтын алаңы бәрі қарастырылған. Тұрғындарымыз үшін қала қонақтары үшін қолайлы ортаға айналады деп жоспарлап отырмыз.

Экосаябақ Достық шағын ауданы мен Самал тұрғын алабын жалғайды. Оң өзгеріске ең әуелі осындағы жұрт қатты қуанды. Өйткені бұған дейін тапталған тұрмыстық қалдықтың қолаңса иісі қолқаны қабатын.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Экосаябақ құрылысына дәл осы дендрологиялық бақтың тәжірибесі пайдаланылды. Осыдан 40 жыл бұрын қоқыс полигоны жабылып, жаңғыртудан кейін жайқалған жасыл белдеуге айналды. Сирек кездесетін өсімдік түрлері сақталып, жалпы саны 500 мыңнан астам ағаш көктеді.

«Экопарктің» құрылысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды. Жалпы сомасы 5 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, жасыл белдеу құруға компаниялар жұмыла атсалысты. Басты жұмыстар биыл аяқталғанымен, саябақ келесі жылы ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов