Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы тарихи-өлкетану музейінде түрлі жәдігер жинақталған. Мұндағы құнды дүниелердің бірі – Бибіғайша Халилақызының қолынан шыққан тұскиіз.

Бұл тұскиізді Бибіғайша Халилақызы 1946 жылы қолға алып, 16 жыл то­қып­ты. 1970 жылы Канадада өт­кен көрмеге қойылған. Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану музе­йінің директоры Ерболат Шубаев:

«Канадада өткен көрмеден кейін тұскиіз жоға­лып кетеді. Содан республикалық «Мәде­ниет және тұрмыс» (кейінгі «Парасат») журналында «Абайдың қыз-келіндері» атты фото жарыққа шығады. Ол суретте осы тұскиізге қыздар мен келіндерді отыр­­ғызып қойған екен. Оны иесі Бибіғайша ана танып қойып, сол уақыттағы Мәдениет министрі Дүйсен Қасейіновке хат жазып, құн­ды дүниесін музейге қайтадан алдырады», дейді.

Кілемнің ұзындығы бес метрден асады. Қабырғаға сыймаған тұсын бүктеп қойған, түрлі-түсті өрнектермен безендірілген тұс­киіз музей ішіне ерекше сән беріп тұр.

Ұлытау облысы