Бокстан әлем чемпионатында алтын медаль иеленген Махмұт пен Төрехан Сабырхан елге оралды.
Шымкент әуежайында чемпиондарды туыстары мен жанкүйерлері сән-салтанатымен қарсы алып, тарихи жеңісімен құттықтады. Ұлт мақтанышына айналған ағайындылардың мерейін асырып, иығына шапан жапты.
Көріп отырғандарыңыздай Шымкент әуежайында нағыз мерекелік көңіл күй орнаған. Қолына көк ту ұстап, қазақтың қос батырын күтіп алуға келген халықтың қарасы қалың. Ән шырқалып, шапан жабылып, ұлттық дәстүрмен қарсы алу рәсімі жүріп жатыр.
Байқағанымыздай мұнда чемпиондардың ата-анасы, туыстары, спортшылар, жергілікті әкімдік өкілдері мен жанкүйерлер арнайы келген. Әсіресе жастардың қолдауы жақсы сезіледі. Ел мерейін асқақтатқан ағайынды Махмұт пен Төрехан Сабырханға алғысын білдіріп, суретке түсіп жатыр. Олар да әлемдік аренада елдің қолдауы ерекше жігерлендіргенін аттап өтті.
Еске салайық, қос батырымыз Англияда атой салып, қарсыластарына дес бермеді. Махмуд Сабырхан ақтық сайыста испаниялық Лозано Серранодан айқын басым түсіп, 5:0 есебін тіркеді. Осылайша ол екі дүркін әлем чемпионы атанып, ең жылдам нокаут иегері болды. Ал 19 жастағы Төрехан болса ел тарихындағы ең жас чемпион ретінде танылды.
Осылайша байрақты бәсекеде бәсі биік түскен жерлестеріміздің жеңісі тек Шымкенттің емес, бүкіл елдің абыройын арттырды. Нәтижесінде ел қоржыны 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен қампайып, жалпы командалық есепте топ жарды.