Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының диқандары қауынды мерзімінен бұрын жинап отыр. Бұл – суармалы судың егістікке ерте берілуінінің нәтижесі, деп жазады Egemen.kz.

Облыстың «Қазсушар» филиалы мәліметінше, бүгінде аталған аудан диқандарына 12 578 гектар ауыл шаруашылығы жерін суару үшін 39,5 млн текше метр су берілген.

Көктем ерте шыққандықтан қауын да уақытынан бұрын піскенін айтқан шаруа қожалығының төрағасы Әлфараби Күзенбаев қажетті суды дер кезінде жеткізіп беріп отырған «Қазсушар» ұжымына алғыс айтты.

Ал облыс бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Қазыбек Бедебаев айтуынша диқандарға суармалы су наурыз айынан бастап беріле бастаған. Суды филиалмен арнайы келісімшарт жасаған шаруашылықтар ғана алып отыр.

«Өңірдегі шаруа қожалықтарымен 275 мың гектардан астам алқапқа жалпы көлемі 2,4 млрд текше метрден астам су беру жөнінде 8 892 келісім жасалған. Қазірдің өзінде өңір диқандарына 672,8 млн текше метр су берілді», деді Қазыбек Бедебаев.