Ел сарапшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі сыртқы саяси бағытына терең әрі көпқырлы талдау жасады. Сараптамалық материалдар «Президент Тоқаевтың дипломатиясы» деп аталатын ұжымдық монографияда топтастырылған. Жаңа жинақ Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) көпшілікке таныстырылды.

Авторлар Президент дипло­ма­тиясының үш негізгі қағи­даты­на, сондай-ақ еліміздің сырт­қы саясатын әлемдік саясат­тағы күн сайын құбылып отыра­тын ахуалға ұтымды әрі страте­гия­лық бейімдеу тетіктеріне бас­ты назар аударған. Сондай-ақ Ауғанстан мен Украинадағы халық­аралық дағдарыстарға, жаһан­дық климаттық қауіптерге және қазіргі дипломатияның контекс­тін айқындайтын сын-қатер­лер де талданған. Басылым автор­лары – Еркін Тұқымов, Санат Көшкімбаев, Болат Әуел­баев, Ерболат Сейілханов, Даурен Әбен және Әсел Әбен сынды халық­аралық қатынастар мен жаһандық экономика саласындағы жетекші сарапшылар.

Кітаптың таныстырылуында сөз сөйлеген ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина: «Президент Тоқаевтың дипломатиясы – бұл тек сыртқы саяси бағыт қана емес. Бұл еліміздің халық­аралық аренадағы беделін нығай­татын әрі еліміздің жаһан­дық үде­рістердегі жауапты әріп­тес ретіндегі кемелдігін айқын көрсететін кешенді стратегиялық көзқарас», деп атап өтті.

Жалпы, басылымда елдің ішкі саяси реформалары мен сыртқы саяси бағыты арасындағы өзара байланыс ерекше сипатталады. Бұл Президент Қ.Тоқаевтың дип­ломатиялық стратегиясын кеңірек әрі көпқырлы контекс­те қарас­тыруға мүмкіндік береді. Моно­графия авторларының бірі, Қазақ­стан Республикасы Президенті­нің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Еркін Тұқымов аталған моно­графияны әзірлеуге түрткі болған себептерді айтып өтті.

«Шетелдік әріптестермен, жастармен, студенттермен кез­десулер барысында кейінгі жыл­дардағы еліміздің сыртқы сая­сатының мазмұнына қатысты сұрақ­тар жиілей түсті. Осыған бай­ланысты жүйелі аналитикалық еңбекке деген қажеттілік пайда болды. Біздің бұл жұмысымыз тек сарапшыларға ғана емес, кең ауди­торияға да пайдалы дереккөзі­не айналатынына сенеміз», деді Е.Тұқымов.

Ал басылымның бірлескен авторы, ҚСЗИ бас ғылыми қызмет­кері Санат Көшкімбаев Қ.Тоқаев дипломатиясы тек прези­денттік тәжірибенің ғана емес, сонымен қатар бірегей кәсіби жолдың нәтижесі екенін айтады.

Монография халықаралық қатынастар саласының мамандарына, саясаттанушыларға, студенттерге, дипломаттарға, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі әлемдегі стратегиялық орнына қызығушылық танытқан барша оқырманға арналған.