Маңғыстауда 12 тамыз — Каспий күніне орай сүңгуір кезекті рет теңіз түбін қоқыстан тазалау жұмыстарын жүргізді. Ол су астынан пластик бөтелкелер, темір сынықтары, балық аулау құралдарының қалдықтары және басқа да тұрмыстық қалдықтарды шығарып, жағалаудың экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Іс-шара Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен өңірдегі еріктілер қозғалысын қолдауға және Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтауға бағытталған. Табиғат жанашыры, кәсіби сүңгуір Жеңіс Шакаевтың айтуынша, 2-3 метр тереңдікке түсіп, бақылау жүргізілген. Теңіз түбін тазалау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Теңіз тазалығына бейжай қарамайтын сүңгуір көпшілікті қоршаған ортаға құрметпен қарап, демалыс кезінде қоқысты тастамауға, табиғатты таза ұстауға шақырды.

-Ақтау қаласының теңіз жағасында тазалық жұмыстары, алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бұл бастама теңіздің экологиялық жағдайын жақсартып, табиғатты қорғауға қоғам назарын аударуға бағытталған. Біз барша тұрғындарды Каспийдің тазалығын сақтауға шақырамыз. Таза теңіз — ортақ байлығымыз,- деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Ілес Қыдырбаев.