Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот отырысы басталды, деп хабарлайды 24kz.
Қылмыстық кодекстің екі бабымен айыпталған сотталушыдан жауап алынды. Ернар Жиенбай: «Мұндай қадамға намысым тапталған соң бардым» деген уәж айтты. Ал жәбірленуші денсаулығына байланысты сот отырысына қатыспады. Судья жәбірленушінің келесі сот отырысына онлайн қатысуға мүмкіндігі бар екенін айтты. Қылмыстық іс мамандандырылған ауданаралық сотында мемлекеттік тілде және ашық форматта өтіп жатыр. Сотталушы өзін фото-видеоға түсіруге қарсы болды.
Есіңізге сала кетейік, сәуір айында әкімдік ғимараты алдында әкім орынбасары Руслан Берденовке бірнеше рет оқ атылды.
Ерлан Сәдібеков, прокурор:
- Сотталушы Жиембай Ернар Жиембайұлы адамды өлтiру, яғни, адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату қылмыстық ойын өзіне байланысты емес мән-жайлармен ақырына дейiн жеткізе алмай, өзінің осы іс-әрекетімен ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықты жасауға оқталған.