«Абайдың кейбір кездері». Осындай атаумен бүгін Семейде Абай Құнанбайұлы мерейтойының онкүндігіне арналған шаралар жалғасын тапты. Әсіресе бұл күні спорттық сайыстарға басымдық берілді. Мергендер садақ атудан сынға түссе, еліміздің әр өңіріңнен жиналған алыптар қара күштің құдіретін көрсетті. «Семей батыры» атты сында палуандар күштік экстримнен, күрделі жаттығуларды орындап жарысты.

Бейбітшілік аралындағы этноауылда 13 пен 17 жас аралығындағы мергендер сайыс өтті. Құралайды көзге атқандар көне қарудан нысанаға дөп тигізудің түрлі әдіс-тәсілдерін паш етті. Отырып, тұрып және қозғалыста жебе тартуда үздіктер анықталды. Ең мықтылар алда Маңғыстауда болатын республикалық бәсекеге жолдама алды.

Үміткен Салық, сайысқа қатысушы:

Бұл – мүмкіндігі мол спорт түрі қазір қарқынды дамып келеді. Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатына 400 бала қатысқан еді. Құрбым екеуміз қызығып, кәсіби түрде айналыса бастадық.

Ал Ертіс жағалауында «Семей батыры» күштік экстримнен ашық турнир ұйымдастырылды. Еліміздің әр өңірінен жиналған балуандар күрделі экстрималдық жаттығуларды орындап төзімділік пен ептіліктерін байқатты. Нұрбол Әзизов, паэрлифтингтен спорт шебері. Абай Құнанбайұлының мерейтойына арнайы дайындықпен келген. Балуан екі жылқының салмағымен тең зілтемірді көтеріп көпшілікті таңдай қақтырды.

Нұрбол Әзизов, Пауэрлифтингтен спорт шебері:

Бұл жарыс туралы естіген соң, екі ай бұрын дайындала бастадық. Бағымызды сынап, қалай боларын көрмекпіз. Биылғы қарсыластар жаңадан келгендер. Көрейік, нәтижесі қандай болар екен.

Қуат Исажанов, Семей қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

«Семей батыры» қалалық турнирі биыл үшінші рет өтіп жатыр. Бұған дейін ол тек қала спортшыларының арасында ұйымдастырылған еді. Ал биыл мерекеге орай Қазақстанның түкпір-түкпірінен спортшылар шақырылды.

Алыптарға салмағы 305 келі болатын зілтемірді көтеруден бастап, 70 келі қаппен жүгіру, автобусты сүйреу сынды қиын тапсырмалар берілді. Мықтылығы мойындатқандар Абай Құнанбайұлы мерейтойының арнайы сыйлығын иеленді.

Ержан Жақып